Елде коронавирус өршіп барады, ал туберкулез жұқтыру анағұрлым азайды - сарапшылар
Құрт ауруынан болатын өлім көрсеткіші соңғы 10 жылда 6 есеге азайған
Жақында Қазақстанда да Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні қарсаңында жұқпалы аурудың есебі тыңдалды. ДДСҰ дәріге төзімді туберкулез бен мен COVID-19 пандемиясының салдарынан болатын екі жақты қауіптің алдын алу туралы Қазақстан мамандарының айтқандарына баға берді.
Қазақстанда туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады. Соңғы 10 жылда бұл жұқпалы дертпен сырқаттану 2,4 есе азайды. Былтыр әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық 49,3 адам болса, 2019 жылы 105,3 адам болған. Мамандар бұл аурудан болатын өлім көрсеткіші соңғы 10 жылда 6 есеге азайғанын айтып отыр.
НАУҚАСТЫҢ ДЕРТІН ЕКІ САҒАТ ІШІНДЕ АНЫҚТАП БЕРЕТІН ҚОНДЫРҒЫ БАР
Azattyq Rýhy тілшісі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қауіптілігі жөнінен алғашқы орындардың біріне шыққан жұқпалы дерт- туберкулезге қарсы күрестегі жетістіктер туралы мамандарды сөзге тартты. ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының мониторинг және бағалау, эпидемиологиялық, статистика мен ақпараттандыру Департаментінің жетекшісі Панагүл Жазыбекова бүгінгі жағдайға қатысты мәліметтермен бөлісті. Фтизиатрдың айтуынша, ҚР Үкіметі №597 қаулысымен бекітілген арнайы жоспар аясында жұмыс атқарылып жатыр. Бұл Қазақстандағы туберкулезбен күрес бойынша кешенді шара.
Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін. Туберкулезді ерте сатыда анықтау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және 2 сағат ішінде құрт ауруын анықтауға мүмкіндік беретін диагностиканың ең заманауи әдісі енгізілді, дейді маман.
«Туберкулез ауруын ерте анықтауға бағытталған моллекулярлық гендік әдістерді іс-тәжірибеге қосу бұл саланы алға сүйреді. Қазір фтизиопульмонология орталықтарында ғана емес бастапқы медициналық емдеу мекемелерінде және емханаларда 128 арнайы аппарат іске қосылған. Бұл аппарат туберкулездің бар-жоқтығын, егер ол болса, ол дәріге төзімді ме, төзімді емес пе екенін екі сағатта анықтап береді. Қарапайым микроскопиялық әдіске қарағанда мың есе сезімталдығы жоғары. Біз 2020 жылы Денсаулық кодексіне байланысты бұйрықты ауыстырған болатынбыз. Ол бойынша туберкулезді емдеудің алгоритмі бар, соған сәйкес бірінші кезекте осы соңғы әдіс қолданылып отыр. Ол әдіс туберкулез енді басталғанда, оны тез анықтап, басынан науқасқа лайықты ем тағайындауға мүмкіндік береді»,- дейді Панаргүл Жазыбекова.
Республикадағы ең ауқымды емдеу базасы мен білікті мамандарымен ерекшеленетін Алматыдағы Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығы жаңа препараттармен емдеу бағдарламасын жолға қойған. Қазақстан 2016 жылы ДДСҰ ұсынған жаңа препарат арқылы тиімді және қысқа мерзімде туберкулезді толық емдеуге қол жеткізе бастады. Яғни бұл дәрі-дәрмектер арқылы туберкулезді емдеудің қысқа мерзімді схемаларын қолдана отырып, емдеудің инновациялық тәсілдері енді десе де болады. Елде туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу тиімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болғанына қуанып отырмыз, дейді орталық мамандары.
«Иә, әлемде туберкулезге қарсы дәрілер шықты. Соңғы 40 жылда болмаған, 2013 жылы жарыққа шыққан бұл препараттар үш жыл өткен соң бізге де жетті. Ол ауру-сырқауы асқынғандар және көптеген дәріге төзімді ауруы бар адамдардың сауығуына өз әсерін тигізді. Негізі туберкулездің таралу көзі, инфекцияның көзі- науқас адам және ол бактерия бөлуші. Егерде сондай науқасты біз уақытында анықтап, бірден оны емдей алатын болсақ, ауруды тарататын көзі болмайды да, өзгелерге ауру жұқпайды. Егер біз мұндай науқастарға емді ерте бастасақ, ол басқаларға жұқпайды»,- дейді Панагүл Жазыбекова.
Қазақстанда туберкулезді кедейлер ауруы немесе әлеуметтік аз қамтылған адамдар арасында көп таралған деген үрдіс бар. Фтизиатр дәрігер осыны ескерген Үкімет соңғы жылдары бұл қауіпті дертті жұқтырғандарды қосымша әлеуметтік қолдау бағдарламасын енгізгенін айтады. Туберкулезбен ауырып, емін үзбей қабылдап жүрген барлық науқастарға жергілікті атқарушы билік қаражатынан көмек беріліп келеді. Әрине ол елдің барлық түкпірінде емес. Атап айтатын болсақ Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысы және Шымкент қаласы, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысында құрт ауруынан ем алып жүргендерге ай сайын 10 АЕК көлемінде қаржы беріліп отырады.
КОРОНАВИРУСТАН САҚТАНУ МӘДЕНИЕТІ ТУБЕРКУЛЕЗ ЖҰҚТЫРУДЫ ТЕЖЕДІ
Мамандар мұндай әлеуметтік қолдау да елде туберкулезбен күрес тиімділігін арттырып отыр, деп санайды. Басқа аурулардан ерекшелігі - туберкулездің емі ұзақ. Кейбір аурулар бір апта, 10 күн, ары кетсе бір ай емделсе, құрт аурын емдеу процесі кем дегенде 6 ай, ал дәріге төзімді түрлері 9 ай, тіпті 18-20 айға дейін созылады. Олар бір емес 4-5 түрлі дәрі ішеді. Оның жанама әсері болады. Сондықтан өңірлерде осал топтарды тексеруге алып келу үшін жергілікті жерлерде ҮЕҰ-ды да тартып отырмыз. Осал топтар, маскүнемдер, тұрғылықты мекен-жайы жоқ, нашақорлармен жұмыс істеуде үкіметтік емес ұйымдар өз көмегін тигізіп жатыр, дейді орталықтың маманы.
«Соңғы 2020, 2021 жылдардың үш айын алатын болсақ, COVID-19 эпидемиясының да әсері бар. Адамдардың жүріп-тұруы шектеліп, халық та бетперде тағып үйренді, жөтелген кезде аузын жеңімен жасыру мәдениеті қалыптасты. Қалқалау, көрінген жерге түкірмеу сияқты жеке адамның тәрбиесі қалыптасып, ай сайын аурудың анықталуы 20 пайызға жетті. Коронавирустың бұл аурумен күресте өзіндік оң әсерінен тыс кері жағы да бар. Ол адамдардың үйде ұзақ отырып қалуына, ауру симптомдары белгілі болса да ауруханаға келмеуінен, туберкулездің кеш асқынған түрін де байқап отырмыз. Яғни коронавирустың екіжақты әсері болып жатыр»,- дейді Панагүл Жазыбекова
Елімізде көптеген дәрілерге бағынбайтын туберкулез түрлері де баршылық. Қазақстан әлемде емдеуге тегін қолжетімділікті қамтамасыз еткен санаулы елдердің қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттары бойынша туберкулезбен күрестің тиімділігі 85%-дан кем болмауы тиіс. Алайда Қазақстан 2020 жылы бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Былтыр сезімтал туберкулезбен алғаш рет анықталған науқастар арасында тиімділік 87,5% болған (ал ДДҰ стандарты — 85%).
ТУБЕРКУЛЕЗДІ ЖЕҢУГЕ ЖАҢА ПРЕПАРАТТАР КӨМЕКТЕСТІ
ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының бөлім меңгерушісі Сағит Жұбатханұлы да Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулез ауруының деңгейі төмендегенін айтады. Оның айтуынша 2019 жыл мен 2020 жылды салыстырғанда, аурудың тіркелуі бір жылда кем дегенде 20,5 пайызға төмендеп отырды. Бұл 2016 жылы елге әкелінген жаңа препараттардың әсерінен деп айтуға толық болады. Сондықтан жақсы нәтижеге жеттік, дейді дәрігер.
«Денсаулық үшін серіктестер ұйымының көмегімен 2016 жылы 675 науқасқа туберкулезбен күресте жаңа дәрілерді қолдану арқылы ем басталды. Көптеген науқастарды ауруынан айықтырып алдық. Кейін 1280 науқасқа осы препараттар берілді, ал 2019 жылы елдегі бүкіл науқастарға республикалық бюджеттен осы препараттарды әперуге қаржы бөлінді. Сол жылы 2554 науқасқа республикалық бюджеттен дәріге қаражат түсті. Сөйтіп 2020 жылы емдеу тиімділігі бірден 87,5 пайызға көтерілді. Негізі ДДСҰ талабымен бұл аурумен ем тиімділігі 85 пайыздан төмен болмауы керек еді. Ал біздің елде көрсеткіштер одан да жоғары болып тұр»,- дейді Сағит Жұбатханұлы.
Айта кету керек, енді бұл препараттардың жанама әсерлері де көп. Ол ем алып жүрген адам үшін кордиотаксикалық әсері көп болады. Әсіресе бауырға кері әсері, жүйке жүйесіне, көздің көру қабілетін төмендету сияқты әсерлері болады. Біз ол әсерлерді дер кезінде анықтап, оған қарсы шараларды қолдануды да үйрендік. Ол үшін зертханалық белгілері білінсе, уақытша емді тоқтатып, ары қарай дәрілерді беру, бермеу жағын жеке-жеке қарастырып отырамыз, дейді орталық дәрігерлері.
Туберкулезге қарсы күрестің ең тиімділігі аурудың алдын алу, оны дер кезінде анықтап, науқастарды амбулаториялық емдеу болып табылады. Туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағыларға қауіп төндірмейтін пациенттер жұмысын немесе оқуын жалғастыра отырып, тұрғылықты жері бойынша емханаларда бақыланатын ем ала алады. Жалпы ауру анықталған жағдайда арнайы фтизиатрлық немесе пульмонологиялық мекмелерге жүгірмей-ақ жергілікті емханаларда емделу мүмкіндігі туып отыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы