ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Ауру баласымен шиномонтажда тұрып жатқан жалғызбасты әкеге 600 мың теңге ақша жиналды

Елорда тұрғыны жақында ғана әйелінен айырылып, екі баламен қалған

Пәтерақысын төлей алмағаны үшін, қарызға батқан жалғызбасты әке Вячеслав Дружинин ұлымен бірге шиномонтажда тұрып жатыр. Бүгін елордалық тұрғын көпшіліктен көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ол жақында ғана әйелінен айырылғанын, екі баласына өзі қарауға мәжбүр екенін, қарызға батқанын айтты.

«Мен осындай жағдайға түсіп қалдым. Әйелім қайтыс болды, қырық күндігі өтті. Балам ДЦП-мен ауырып, қиын жағдайда қалдық. Пәтерақысын төлемегенімізге 3 ай болды. Ақша жетпей, қиналған соң, осы жұмысыма шықтым. Баламмен бірге осы жерде тұрып жатырмын. Зейнетақы да түспей қойды. Кім көмектесе алады, қол ұшын беріңіздерші», - дейді Вячеслав видеода. 

Шиномонтажда тұрып жатқан әкеге қазақстандықтар тез арада жарты миллионнан астам ақша жинап берді. Желіде тараған видеода екі ер адамның оған 600 мың теңге бергенін байқауға болады.

Ол 320-330 мың теңге қарыз болғандықтан, банк картасы бұғатталғанын түсіндірді. Жалғызбасты әкеге көмек бергісі келген азаматтар Нұр-Сұлтан қаласы, Шабал Бейсеков көшесі, 20 мекен-жайына барып, көлігінің дөңгелегін ауыстыру ақылы қызметіне жүгіне алады.