ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1800-ден астам адамнан коронавирус анықталды

Қоныс колониясындағы жазасын өтеушілер мемлекет пен жәбірленушілерге 161 миллиард теңге қарыз

Алматыдағы ЛА-155/13 мекемесіндегі әрбір сотталушыдан 20 млрд жуық теңге өндірілуі тиіс

көрнекі фото

Алматыдағы қоныс колониясында жазасын өтеушілер мемлекет пен жәбірленушілерге 161 миллиард теңге қарыз. Сотталғандардан ақша өндірудің жолы - оларды жұмысқа орналастыру.

Сотталғандарды жаза кесілген мерзімнен бұрын бостандыққа шығару мәселесі қаралғанда, олардың жәбірленушілерге келтірген залалы және сот шығынын толық өтеуі басты рөл атқарады. Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/13 (қоныс колониясы) мекемесінің әкімшілігі сотталғандарды жеке компанияларға жұмысқа орналастырмақ. Қаладағы ірі кәсіпорындар мен компаниялардың басшыларымен кездесіп, сотталушыларды жұмысқа алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келісім барысында Еңбек кодексі талаптарына сәйкес, сотталғандардың жұмыс істеу жағдайы, еңбекті қорғау ережелері, техникалық қауіпсіздік және өндірістік санитария нормалары реттеледі. Кодексте көрсетілгендей, сотталғандардың еңбекақысы ең төмен жалақы мөлшерінен кем болмауы керек.

Жұмысқа орналастыру кезінде сотталғандардың еңбекке бейімі, кәсіби дағдысы ескеріліп, алған мамандығы бойынша іріктеледі. Жұмысқа орналасқан соң, сотталғандардың жеке ісі бойынша атқару парақтары болса, еңбек жалақысынан белгіленген сома ұсталынады. Қазір мекемеде 147 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде 70 адамның жалпы қарыз сомасы - 161 781 123 205 теңге. Сондай-ақ сотталған 8 адамның әрқайсы бір қылмыстық іс бойынша 19 804 449 636 теңге қарызды өтеуі керек, яғни сегіз адамға тиесілі сома - 158 435 592 088 теңге.

«Жыл басынан бері (үш айда) сотталғандардың еңбекақысынан 311 902 теңге ұсталынды. Сондай-ақ оларға өз туыстарына материалдық көмек көрсетуі үшін және жеке басына қажетті заттар сатып алуы үшін қаражатын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Өйткені, «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес, сотталғандардың еңбекақысынан қарызды өтеуге ұсталынатын ақшадан оның өзінде ең төменгі күнкөріс деңгейіне жететін қаражат қалуы тиіс», - деп хабарлады Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметі.