Сағынтаевқа сұрақ қоюға жиналғандар сағаттап жаңбырдың астында кезегін күтті
«Кемел» шағын ауданындағы аядай ғана мәдениет үйінде өткен жиынға келгендер Сағынтаевты сұрақтың астына алды
Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, қала басшысына сұрақ қоюға жиналған халық мәдениет үйіне сыймай, жаңбырдың астында сағаттап тұрды. Үш сағатқа созылған жиынға «Azattyq Rýhy» тілшісі де қатысып, тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді тыңдап қайтты.
Оқи отырыңыз: «Мен сиқыршы емеспін»: Алматы әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуде айтқаны
Кездесу таңғы сағат 10-да Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымовтың баяндамасынан басталды. Алайда, жиналған жұртты Қиқымовтың қағазға қарап оқыған есебі емес, кейбір өзекті мәселелер бойынша Сағынтаевтың жауабы қызықтырды. Сол себепті, халық аудан басшысының баяндамасын соңына дейін тыңдамастан аядай ғана ғимаратты басына көтеріп, айғайға басты.
Жиналған жұрттың бірі жақында ғана Мемлекет басшысы Тоқаевтан сөгіс естіген қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановтың үстінен шағымданды.
«Сіздің орынбасарыңыз Ерлан Қожағапановтың қабылдауында болдым. Қалай қабылдады? Қабылдауды сағат 15:00-ге белгіледі. Сосын өзі кездесуді 30 минутқа шегерді. Мен «Құлагер» шағын ауданынан келдім. Кездесуді тағы 45 минутқа кешіктірді. Сосын бізбен дұрыстап сөйлескен де жоқ. Киініп, асығыс тұрды да кетті. Міне сіздің орынбасарларыңыз қабылдауды осылай өткізеді», - деп шағымданды алматылық әйел.
Тұрғындарды алаңдатқан мәселенің бірі пәтер иелерінің кооперативінің заңсыз әрекеті екен. Халықтың пікіріне құлақ аспай, сырттай шешім қабылдайтын ПИК төрағасының кесірінен әр есікті бір қағып жүргендер көп.
«ПИК төрағасы жиналыс өткізген жоқ. Үйді жаңарту туралы шешім қабылдайтын құжатқа қол қоймадық. Сотта олар (ПИК-Azattyq Rýhy) біздің қолтаңбамызды өтірік жасағандарын дәлелдедік. Қазір тергеуші ПИК төрағасын жауап алуға да шақырды. Төраға бізге «Маған сен не істей аласың? Біздің құрылтайшымыз - қала әкімдігі» дейді. Бұл нені білдіреді? Оларды сонда сіз қорғаштап жүрсіз бе?», - деді ашулы тұрғындардың бірі.
Халықты жергілікті шенділерден бөлек полиция қызметкерлерінің де мәселені біле тұра, оны шешуге тырыспайтындығы қынжылтады екен.
«Шапағат» шағын ауданында 45 ойын автоматы орнатылған. Мен Серік Күдебаевқа (ПД бастығы – авт.) осы сұрақпен бардым. Ол маған Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгіну керектігін айтты. Осындай мәселені шеше алмасаңдар, онда біз неге келіп жүрміз», - деген әйелдің сұрағы залға жиналғандардың күлкісін тудырды.
Одан бөлек, қаланың шеткі аудандарында жаз бойы саумал сатып, бие байлайтындар көбейіп кеткен. Үйірімен жүретін жылқылар балалар үшін де, жаяу жүргіншілерге де қауіпті екен. Тұрғындардың айтуынша, олар тиісті мекемелерден ешқандай рұқсат алмай, заңсыз бизнеспен айналысып отыр. Жауаптыларға шағымданса, олар «Жануарлар жүре берсін, атып тастамаймыз ғой» деп қайтарады екен. Сондай-ақ кездесуге жиналғандар «Айнабұлақ-2» шағын ауданында қылмыс, қарақшылық көбейгенін айтты.
Б. Сағынтаев бұл мәселені жұрттың көзінше Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевқа тапсырды.
«Серік Мырзақұлұлы, тұрғындар шағымданып жатыр. Патруль экипаждары неге жоқ? Бұл істі бақылауға алыңыз», - деді қала әкімі.
ПД басшысы әкімнің тапсырмасына пікірін қосты.
«Бақытжан Әбдірұлы, Ольга Дмитриқызын (тұрғын – авт.) біз жақсы білеміз. Ол үнемі бізге хабарласады. Біз үнемі кездесу өткіземіз», - деп Серік Күдебаев.
Алайда, қала әкіміне шағымданған тұрғын «Қашан? Мен бе сізге хабарласқан?» деп ПД басшысының сөзін жоққа шығарды.
«Кемел» шағын ауданындағы мәдениет үйіне сыймаған көпшілік қала әкіміне сұрақ қойып, мәселе көтеру үшін сағаттап жаңбырдың астында тұрды.
«Біз ішке кіріп едік, сыймайсыңдар, адам көп деп сыртқа шығарып жіберді. Міне, жаңбырдың астында тұрмыз. Біз жақтағы Набережный көшесінде құбырларды ауыстырған. Есесіне жол бұзылды. Тұрғындар өз күшімізбен жөндеуге тырыстық. Алайда оған шамамыз жетпейді. Осы мәселені айтуға келіп едік, міне кіре алмай тұрмыз», -деді «Кемел» шағын ауданының тұрғыны.
Үш сағатқа созылған жиынға қатысушылар әкімге қоғамдық көліктің жетіспейтіндігін, жарықтандыру мен жаяужолдың жоқтығын, инженерлік желілердің ескіргенін жеткізді. Жергілікті шенділердің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан халық, қала әкімінің алдында көтерген мәселелері жауапсыз қалмас деген үмітпен тарқасты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы