Жамбыл әкімдігі оқушы зорлығына дейін даладағы әжетхана мәселесін білген
Тараз қаласындағы 260 мектептің әжетханасы ғимарат сыртында орналасқан
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында брифинг өткізген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аймақтағы 108 мектептің дәретханасын ішке енгізуге болатынын айтты. Облыс басшылығы Тараздағы оқушы қыз зорланған жағдайға дейін де қаладағы 260 мектептің дәретханасы далада екенінен хабардар болған.
«Сол қайғылы жағдайдан соң әкімдік тарапынан бұл мәселе қалай шешілетінін айттық. Бірақ, бұл жағдайға дейін анализ жасауды бастадық деп айта аламыз. Сол анализдің нәтижесі бойынша облыста 442 мектептің 260-ында дәретхана далада орналасқанын анықталды», - дейді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, әжетханасы мектеп сыртында орналасқан 260 білім ордасының 108-де жапсарлы ғимарат салу арқылы, дәретхананы ішке енгізуге болады деген қорытындыға келген.
«Ең алдымен, 260 мектепте су мен кәріз құбырының бар-жоғын тексердік. 108 мектепте жапсарлы ғимарат салып, әжетхананы мектеп ішіне тартуға болады. Қалған мектептерде (152 мектепте - авт) дәретхана енгізу үшін канализация мен су құбырларын тарту керек. Жаңа жылдан бастап жапсарлы ғимарат салуға болатын мектептерде құрылыс басталады, ал қалған мектептерде алдымен коммуникация жүргізілуі керек», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының ортасында Тараз қаласында 12 жастағы оқушыны 38 жастағы ер адам мектеп ауласындағы әжетханада зорлап кеткен еді. Нәтижесінде Тараз қаласының әкімі, Білім бөлімінің басшысы және мектеп директоры қызметінен кетті.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан