Сарапшылар сандырақтай ма? Алматыны жарықпен қамту проблемасына басшылық жауап берді
Сарапшылар Алматыдағы электр желісінің тозғанын айтып, дабыл қақты
Тoday.kz ақпарат порталының жазуынша қаладағы электер желілерінің істен шығу ықтималдығы жоғары. Кеңес заманына бері ауыстырылмай, тозығы жеткен желілердің үлесі 65,5% жеткен. Тәуелсіз энергетиктер әуемен тартылған 6 мың шақырым және 750 шақырым кабельдік желілер соңғы 40 жылда жаңартылған жоқ, деген пікірде. Егер бұл салада жағдайды түбегейлі өзгертпесе, мегаполистің көптеген аудандары қараңғылық құшағында қалуы мүмкін. Тіпті шаһар бұл проблемалармен осы қыста бетпе-бет келуі кәдік. Azattyq Rýhy тілшісі аймақтық энергия таратушы компания басшысынан жоғарыда келтірілген деректерге қатысты түсінік беруін сұраған.
Арандатушы кім?
Белгиялық инвестор «Трактабель» компаниясынан мұраға қалған қалалық электр жүйесінде ескі кабельдердің ұзындығы 2,5 мың шақырым. Компания өкілдері тозығы жеткен желілер 65,5% емес 40%-дан аспайтынын алдыға тартады.
«Әрине салада проблема бар. Қазір ескірген желілер 40 пайыз деп отырмыз. Бұның өзі де аз емес, бірақ аталған бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. АЖК 2003-2018 жыл аралығында 38 қосалқы электр станциясын жөндеуден өткізді. Оның ішінде 22 электр бекеті жаңадан салынды. Бұл бағытқа 120 млрд. теңге жұмсалды. Жоғарыдағы мақалада келтірліген деректер шындыққа сай келмейді. Алматыда ауыстыруды қажет ететін кабельдер мен әуе арқылы тартылған электр өткізгіштердің ұзындығы 6 мың шақырым емес, шамамен 2,5 мың шақырым. Біз бұл желілерді мүмкіндігімізге қарай аусытырып жатырмыз»,- дейді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Есберген Әбитаев.
АЖК басшысына сенсек, энергияны тасымалдау барысында жоғалатын электр қуаттың көлемі 2002 жылы қалада 28% болса, қазір ол 13 %-ға төмендеген. Бесжылдық шектік тариф 2015 жылдан бері өзгермеген. Оның құны 5,63 теңге болып келді. Бірақ компания 2020 жылдан бастап тарифті 5,95 теңгеге көтеруді жоспарлап отыр.
«Тәуелсіз сарапшылар айтып жүрген ауқымды апаттардың болуы мүмкін емес. Қала қара түнекке айналады деген ақпарат меніңше арандату. Себебі біз қайта жаңғыртылған станциялар есебінен электр энергиясымен шаһарды толық қамтамасыз ете аламыз. Ал Алматыға жақын орналасқан аудандарды қаланы айналдыра жасалған 220 кВолттық кернеудегі жүйе қамтып отыр. Жақында «Көкөзек» қосалқы станциясы(құны 1 млрд теңге) іске қосылса, қалаға іргелес салынып жатқа индустриялдық аймақтағы кәсіпорындарды үздіксіз электр энергиясымен жабдықтауға мүмкіндік туады»,- дейді Алатау жарық компаниясының өкілдері.
Жарық жүйесін жаңартуға қанша қаражат керек?
Кәсіпорын басшылары Алматы қаласы үшін желілерді жаңартуға республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмайтынын айтады. Шаһарда қуаттылығы жоғары қосалқы станцияларды жаңғырту үшін 33,8 млрд теңге қаражат қажет. Бұл қаржы «Отырар», «Медеу», «Алатау», «РЭС-1», «РЭС-6» сияқты бірнеше электр торабын күшейтуге мүмкіндік берер еді. Компания бұл мәселені тұтынушы есебінен шешуге мүдделі емес. Сондықтан соңғы бес жылда тарифті көтеруге тапсырыс бермеген. Керісінше электр тасымалдау жүйесінде тариф 8 пайызға дейін төмендетілген.
Елде энергетика саласын дамытудың нақты жоспары
Ал Петр Своик Жоғарыда келтірілген деректердің шынайылығын білу үшін тәуелсіз техникалық сараптамалар жүргізу керегін айтады. Сарапшы ҚР Энергетика министрлігі бұл шараны қанша жылдан бері қолға алмай отырғанын, салалық министрлікте елдегі энергетика саласын дамытудың нақты жоспары жоғын алға тартты.
«Бұл салада екі проблема бар. Біріншіден желілердің тозуы, екіншіден мамандардың сапасыздығы. Әркімнің өз шындығы бар демекші, энергетикалық компаниялар өздеріне қолайлы сандарды айта беруі мүмкін. Ондай мәліметтерге сенуге де, сенбеуге де болады. Себебі оны тексеруге министрлік құлықсыз. Заңнама бойынша тәуелсіз техникалық сараптамалар жүргізу қарастырылмаған. Жекелеген жобаларға қаражат бөлінеді, әркім өз шама шарқына қарай, оны игеріп, жөндеу жұмыстаны жүргізеді. Бірақ соңғы жылдары Алматыда «АЖК» көптеген қосалқы станцияларды жөнге келтірді. Шаһарда энергия тапшылығы байқалмайды. Бірақ тозығы жеткен желілерді жаңартуға қаражат аямау керек деп санаймын»,- дейді Петр Своик.
Деректер: Аймақтағы энергия таратушы компанияның тарихы 1928 жылы Алматы қаласында әрқайсысы 170 кВт қуатты үш генераторы бар бірінші дизелдік электр станциясы іске қосылғаннан бастау алады. Кәсіпорынды 1996 жылдың тамыз айында «атышулы» «Трактебель C.A.»(Бельгия) компаниясы жекешлендірді. Ал 2001 жылы энергокомпанияның 100% акциясы Алматы қаласының әкімдігіне өтті. Тек 2009 жылдың 14 шілдесінде «КазТрансГаз» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «Аалатау Жарық Компаниясы» АҚ-ы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрамына кіріп, энергетика тасымалдау саласын өз қолына алды. Кәсіпорын 2019 жылды 2,8 млрд теңге таза табыспен аяқтамақшы.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы