Баланың көлік картасын ата-анасы қадағалауы керек – «Астана LRT»
Бас қаланың қоғамдық көліктерінде жиі кездесетін жағдайлардың бірі – жолаушылардың жолақы төлемеуі
«Астана LRT» ата-аналарға хабарландыру жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Елорда Инфоға сілтеме жасап.
Бас қаланың қоғамдық көліктерінде жиі кездесетін жағдайлардың бірі – жолаушылардың жолақы төлемеуі. Мұндай жайт балалар мен жасөспірімдерге де қатысты.
«Қоғамдық көлікті пайдаланатын балалар, жасөпірімдердің ата-анасына, заңды өкілдері мен оларға жауапты тұлғаларға айтарымыз, олардың көліктік картасында ақшаның бар болуын қадағалауын сұраймыз. Көлік картасындағы бірлікті тексерудің түрлі әдіс-тәсілі бар. Себебі, кейде оқушылар автобусқа мінгенде не көлік картасында, не қолында ақшасы болмайды. Барлық қоғамдық көлік түрін пайдаланарда біз ол қызметті алдын ала төлейміз, яғни пойызға, ұшаққа билетті алдын ала аламыз. Сол секілді, автобусқа міне сала оның ақысын төлеуіміз қажет. Ондай жағдайда жауапкершілік кондуктордың немесе автобус жүргізушісінің мойнына түседі. Олар ақшасыз баланы далада қалдырғысы келмейді, екінші жағынан тәртіпке сәйкес, баладан көлік ақысын алуы тиіс. Содан соң қоғамда түсініспеушілік туындап, түрлі оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан құрметті ата-аналар, үйден шығарда балаларыңыздың ақшасы болуын бақылаңыздар», - деді «Астана LRT» транспорттық бақылау департаментінің директоры Самат Шаймерденов.