Жан-тәнімен қазақ боп кеткен Лиза әжей қазақ жерінде мәңгі қалуды армандайды
Неміс ұлтының өкілі небәрі 6 жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылған
Елімізде қазақтармен етене араласып, өздері де толықтай қазақ боп кеткен өзге ұлт өкілдері жетерлік. Солардың бірі – Ақмола облысының Жақсы ауылында тұратын Лиза әжей. Неміс ұлтының өкілі 1941 жылы небәрі 6 жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Содан арада көп уақыт өтпей әке-шешесі бақилық болып, өзі жетім қалады. Алайда, жергілікті жұртшылық оны қамқорлығына алып, бауырына басады.
Жастайынан еңбекпен өскен Лиза әжей үйде еш тыным таппайды. Қолынан келмейтіні жоқ. Қыздары мен немерелерін жасауларын жасап отырып, өз қолынан қазақтың салт-дәстүрімен ұзатыпты. Қаршадайынан көпті көрген кейуана өзінің еңбекқор және қазақ болып кетуін бауырына басқан қазақ отбасымен байланыстырады.
«Үйренетін адамның өз талабы болады, үйренгісі келеді. Мен де ештеңе білмейтінмін. Маған «анау шелек, шелек» дейді. Шелек деген не нәрсе? Сосын қолдарын шошайтып әлденені көрсетеді. «Даладан тезек теріп әкел» дейді. «Мынадай» деп көрсетеді. Қазақша солай үйрендім. Ананы әкел, мынаны әкел. Құртын қайнатамын. Ірімшігін қайнатамын. Бала күнімнен, қысы-жазы далада сол қазан-ошақтың басында жүрдік», - дейді зейнеткер Лиза Смағұлова.
Осылай тәрбие алған Лиза әжей 18 жасында Ақмаш Смағұлов есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ислам дінін қабылдайды. Екеуі бірге 46 жыл өмір сүріп, 6 бала өсіреді. Қазір 86 жастағы қария солардан өрбіген 15 немере мен 20 шөберенің қызығын көріп отыр. Айтпақшы, бұл әулет – көпұлтты. Алайда, бәрі өзін «қазақпыз» деп есептейді.
«Біздің қазақ отбасымызға әртүрлі ұлт қосылып жатыр. Үлкен келініміз Украинадан келген украин қызы, екінші келініміз орыс, үшінші келініміз Германияда тұрып жатыр, неміс. Енді күйеу баламыз қазақ – Бексейіт. Айман деген қызынан. Менің күйеуім де қазақ. Роза деген үлкен апамның жолдасы Армениядан. Сол осылай көпұлтты отбасымыз. Енді немерелер тұрмысқа шығып жатыр, келіншек алып келіп жатыр. Оларда кәріс те бар, татар да бар, грузин де бар, отбасымызға әртүрлі ұлттар қосылып жатыр», - дейді Лиза әжейдің қызы Гүлсім Нұрмағамбетова.
Ал әжейдің о бастағы аты-жөні – Елена Гизберг. Қазір құжат бойынша тегі – Смағұлова. Алайда, оны бәрі Лиза әжей деп атап кеткен. Кейіпкеріміз сөзге шорқақтау болғанымен, нағыз істің адамы екенін байқадық. Қандай жиын болмасын, қазақы салтпен ет асып, бауырсақ пісіреді. Жақында Наурызды да жақсылап атап өткен. Тек соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүр екен. Ал Германиядағы балаларының «Сізді алып кетейік» деген ұсынысынан әжеміз үзілді-кесілді бас тартқан.
«Балалардың көбі осында. Ол жерде біреу-ақ қой. Бірақ қазір екі немерем де ержетіп, үйленіп, осы жақтан келіп үйленіп, қазақтың қызын алып кетті. Оған да рахмет. Шалым өзі «өмірден өткенде жаныма қалдыр» деп мені баласына тапсырып кеткен», - дейді зейнеткер.
Сөйтіп, бүкіл жан-тәнімен қазақ боп кеткен Лиза әжей қазақ топырағында мәңгілік қалуды армандайды. Ол кісінің осындай жергілікті халыққа деген адалдығы, жасына қарамастан ширақтығы, жалпы бүкіл болмысы кімге болсын үлгі-өнеге.