Сәуірден бастап Қазақстанда 65 жастан асқан тұрғындарға коронавирус вакцинасы салынады - ДСМ
Бұған дейін екпе қабылдаған дәрігерлер мен мұғалімдер арасында 60, 70 жастан асқан адамдар болған
Сәуір айынан бастап елімізде 65 жастан асқан адамдарға коронавирус қарсы вакцина салына бастайды. Бұл туралы Бас мемлекеттік санитар дәрігер – Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Сәуір айында 65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауды жоспарлап отырмыз. Вакцина өңірлерге келіп түсуіне қарай вакцинациялауға жататын топтардың тізбесі кеңейтіледі», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, дәрігерлер мен мұғалімдердің арасында 65 жастан асқан адамдар вакцинацияланып қойған.
«Айта кету керек, бірінші кезеңде біз дәрігерлер мен мұғалімдерді вакцинациялаған кезде 70 жастан асқан адамдар саны көп болды. Олар осы күнге дейін медициналық ұйымдарда қызмет етеді. 60 жастан асқан адамдар саны да аз емес. Қазір олардың барлығы өздерін жақсы сезінеді. Вакцинаны өте қолайлы қабылдайтынын көріп, сәуір айында біз 65 жастан асқан өзге тұрғындарды қамтимыз деп үміттенеміз. Наурыз айының соңында 150 мың доза түседі деп күтілуде», - деп еске салды Ерлан Қиясов.