Бас санитар Наурыз мерекесі қарсаңында халыққа ескерту жасады
Наурыз айының соңына қарай «Спутник V» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізіледі
Бас мемлекеттік санитар дәрігер – Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Ерлан Қиясов қазақстандықтарды вакцинациялау кезінде қолайсыз жағдайлар тіркелмегенін айтты. Сондай-ақ вице-министр алдағы мереке күндеріне орай (Наурыз – авт.) халыққа ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«22 ақпаннан бастап вакцинациялаудың екінші компоненті басталды. 19 312 адам вакцина салдырды. Қолайсыз жағдай тіркелген жоқ. Вакцинация барлық өңірлерде жүргізіледі, елімізде 628 егу пункттері ашылды. Оның 451-і іске қосылған. Бәрі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген», - деді Ерлан Қиясов ОКҚ-да өткен брифингте.
Наурыз айының соңына қарай «Спутник V» вакцинасының 150 мың дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Ол 1 сәуірге дейін таратылады.
Бас санитар дәрігер қазақстандықтарды ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Мереке күндері коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын, әлеуметтік арақашықтықты, маска режимін сақтау қажет. Коронавирус инфекциясы жасы үлкен кісілер үшін қауіпті екенін ұмытпаңыздар. Бұған дейін айтып өткеніміздей, бастысы денсаулықты ойлаңыздар. Әсіресе «қызыл» және «сары» аймақта тұрған өңірлерде адам көп жиналып, коронавирус жұқтыру қаупі жоғарылайтын шаралардың алдын алу керек. Одан бөлек, «жасыл» аймақта тұрған өңірлерде де адам көп жиналуының алдын алып, негізгі шараларды онлайн түрде өткізуді ұсынамыз», - деді вице-министр.
Еске салайық, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 226 767-ге жетті. Оның ішінде, 208 074 адам аурудан айығып, 2873 адам қайтыс болған.