«Қарағандыдағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімі беріледі». Қоғам белсенділері сүйінші сұрады
Қоғамдық тыңдауға қатысқан 685 тұрғынның бәрі ауданға Әлихан Бөкейхан есімін беруді бірауыздан қолдады
Бүгін Қарағанды қаласындағы 15 нысанда Октябрь ауданына (Қарағанды қаласы - авт.) Әлихан Бөкейхан есімін беруге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Оған 685 тұрғын қатысып, пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Октябрь ауданын 40 жыл мекендеген зейнеткер, Қарағанды қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектепте ұстаздық еткен тарихшы Светлана Шәйменқызы бұл шешім халыққа рух сыйлайтынына сенімді. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында Алаш көсемін ардақтап, ауданның атын ауыстыру қуанышты шешім деп санайды.
«Халық Әлихан Бөкейхан есімінің ауданға ғана емес, қалаға берілгені жөн болар еді деп жатыр. Біріншіден, Октябрь деген «қанды, қызыл» сөздерімен қатар айтылады. Тәуелсіздікке 30 жыл толса да, ол атау неліктен әлі алынбаған? Халықты жоспарлы түрде қырып отырған КСРО-дан қалған ұғымның не қажеті бар? Ал Әлихан Бөкейхан – көпшілік айтып жатқандай, XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, елдің рухы», - деді Светлана Шәйменқызы.
Ал Мәдениет, тіл және спорт бөлімінің басшысы Баян Сейтбекқызының айтуынша, облыста ономастикалық жұмыстар жүргізілуі шарт.
«Бүгін қоғамдық тыңдау өтті. 685 тұрғынның бәрі бірауыздан қолдады. Қаланың халқы жиынға өздері естіп келіп жатты. Айта кетерлігі, қазір Қарағандыда 900 көше бар. Соның 40 пайызына ғана қазақша атаулар берілген. Бұл шараны қала көшелеріне қазақ зиялыларының атын беріп, «қазақшаландыру» процесінің бір қадамы деп атар едім», - деді Баян Сейтбекқызы.
Өмірінің 17 жылын мемлекеттік қызметке арнаған қоғам белсендісі Майра Төлебекқызы да сүйіншісін айтып, пікірін білдірді.
«Карантиндік шектеуге байланысты тыңдалым 15 нысанда өтті. Әрбір нысанда 50 адамның қатысуына ғана рұқсат берілді. Бірақ, қатысушылар саны, ұсыныс айтушылар көп болды. Қазақ тілінде сөйлеген өзге ұлт өкілдері де болды. Бұл – Қарағанды халқының жеңісі, қоғамның ұлтжандылығын көрсететін нәтиже», - дейді Майра Төлебекқызы.
Халықтың пікірін білу үшін өткізілген тыңдалымдар – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның есімін ауданға берудегі алғашқы қадам. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша нормативтік-құқықтық шаралар жүргізіледі. Нақты айтқанда, бұл ұсыныс қалалық сессиядан кейін облыстық әкімдікке жолданады. Республикалық ономастикалық комиссия қорытындысынан кейін аудан атауы ресми түрде ауысады деп күтілуде.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан