Шиелі аудандық сотының «атышулы» төрағасын лауазымынан босатуға ұсыныс жасалды
Ол қоластындағы судьяға «қырындады» деп басы дауда қалған болатын
Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев ақыры қызметінен кетуі мүмкін. Жоғары Сот Кеңесі жанындағы сот жюриі оны лауазымынан босату туралы ұсынысты Мемлекет басшысының атына жолдайды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Еске салайық, бұған дейін Марат Күздеубаевтың қоластында істейтін судья Гүлнұр Құрманбай басшысының өзіне жиі қырындайтынын айтып шағымданған болатын. Артынша Құрманбайдың хатшысы Еңлік Қыдыралиева да оның сөзін растап, сот төрағасынан өзінің де қысым көргенін мәлімдеді.
Қырындағаны өз алдына, Гүлнұр Құрманбай бала күтіміне байланысты еңбек демалысына кеткенде Марат Күздеубаев бірнеше адам болып судьяның кабинетінің есігін бұзып ашқан. Осылайша ол судьяның атынан сот шешімдерін шығарған екен. Мұнысы кейін дәлелденген.
«Сот қызметіндегі әр адамда «Төрелік» деген базаға кіретін сандық қолтаңба, код болады. Демалысқа кеткенде сол адамның атынан ешқандай әрекет жасалмау үшін осы код бұйрықпен бұғатталады. Сол заңдылықты бұзып, 2020 жылдың 21 қаңтарында сағат 11-лер шамасында судья Г.Құрманбайдың кабинетіне Марат Күздеубаев заңсыз, есікті бұзып кірді. «Сен оның хатшысысың, сен де кіресің» деп мені қорқытты. Кабинеттен 6 сот ісін алып, есіктің құлпын ауыстырды. Әлгі алты сот шешімінің бесеуін М. Күздеубаев өзі өзгертіп жазды. Бір шешімді судья Айдос Жолдыбаевқа берді. Бұрынғы бейнетаспаны көріп отырып, шешімді бір апта қайтадан жазды. Сосын бір күнге Г.Құрманбайдың атынан электронды кілтін ашып, онымен қол қойып, 28 қаңтарда кешкі сағат 19:00 кезінде Құрманбайдың атынан сот шешімдерін базаға салды. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі істердің үшеуіне апелляциялық шағымдар түсіп, бастапқы шешімдерді бұзырды. Олар басқа судьяның атынан құжат жасап, заңсыздықтарға барды. Ақпан айында сот төрағасы «декреттегі» судья Г.Құрманбайдың сот ғимаратына кіруіне тиым салынсын деп бұйрық шығарды. Заңды өрескел бұзды. Төраға өз атынан үкім шығарып, ғимаратқа кіруге тыйым салуы заңда көзделмеген. Сот кабинетінің есігін бұзу оңай шаруа емес, оған соттағы барлық қызметкерлер куә болды, бірақ төрағадан қорыққандықтан айта алмайды», - деді Шиелі аудандық сотының хатшысы Еңлік Қыдыралиева.
Мұнан кейін әлеуметтік желілерде Марат Күздеубаевтың карантин талаптарын бұзып, тойға барғаны туралы видео тарап кетті. Видеоны таратқан жергілікті тұрғын Гүлзинат Сағындықова. Оның айтуынша, видео интернетте жарияланысымен, сот төрағасы тарапынан ол да қысым көрген екен.
«Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев полицияға арыз жазып, өзін бопсалады деп маған қатысты негізсіз айып тақты. Полицияға жалған дәлелдемелер ұсынып, оның ішінде қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер қатарына тіркеу үшін М.Куздеубаев өз ұялы телефонына жазып алынған, әбден монтаждалған аудиожазбаны ұсынып, мені кінәлі етіп шығарғысы келген. Осылайша, Шиелі ауданының қиын жағдайдағы аналарына қайырымдылық көрсетіп жүрген мені, яғни көп балалы ананы соттатып, бірнеше жылға бас бостандығынан айырғысы келді. М.Күздеубаев мені кінәлі етіп шығару үшін өзінің барлық таныс-тамырын салып, лауазымын пайдаланбақ болды», - деді көпбалалы ана Гүлзинат Сағындықова.
«Жапа шектім» деген сот төрағасы әйелді кабинетіне шақыртып, жағдайы нашар көпбалалы аналарға қандай көмек керек екенін сұраған. Сұрақтар қою арқылы өзара әңгімені диктофонға жазып, кейін қажетті жерлерін қиып алған көрінеді. Төрағаның арызын қараған полиция Гүлзинат Сағындықованың үстінен бірден қылымыстық іс қозғап, құжатты көп созбай облыстық сотқа жібере салған.
«Сот төрағасы аудиожазбаның монтаждалған жерін ғана сотқа жіберген. Алайда, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Жақып Шаймұханбетұлының арқасында қылмыстық қудалау органы тарапынан маған қатысты айып тағылмады. Сараптама аудиобазжаны қарап, қылмыстық құрам жоқ екенін, жазбаның толық нұсқасы емес екенін анықтады. Менің әрекетімде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. М.Күздеубаев мені өзінен ақша бопсалаған деп, көпшілік арасында маған қатысты теріс көзқарас қалыптастырғысы келген. Мені кабинетіне шақырып, аналарға қандай көмек керек дегенде, үй керек, қаржы керек оларға, елу балаға қайырымдылық пакеті керек деп айтқанмын. Ол сөздерді өзіне қажетті деңгейде монтаждап, мен оны бопсалаған адам ретінде сотқа шағымданған. Аудиожазбаның толық нұсқасын көрсете алмады, «жоғалтып алыпты». Не болса да, мәселенің ақ-қарасы анықталды», - деді көпбалалы ана.
«Мінсіз судья» қағидасына қайшы әрекеттер жасаған Күздеубаевтың мәселесі ақыры Президентке дейін жетті. Оны орнынан босату туралы ұсынысты Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі қабылдаған.
«2021 жылы 18 ақпанда Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриінің отырысы өтті, онда жергілікті және оған теңестірілген соттардың судьяларына қатысты бірқатар тәртіптік істер қаралды. Сот жюриі отырысының қорытындысы бойынша 5 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде бір судья сөгіс түрінде жаза алды, үш судьяға ескерту жарияланды, аудандық соттың бір төрағасы судья лауазымында қалдырыла отырып, атқаратын лауазымынан босатуға ұсынылды. Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға олардың сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны, судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны, сондай-ақ аудандық сот төрағасының лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны негіз болды», - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің аппараты.
Орнынан босатылсын деген судья Марат Күздеубаев екені расталды. Тәртіп бойынша он күннен соң шешім күшіне еніп, Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевты лауазымынан босату туралы Жарлыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қояды.
«Марат Күздеубаевтың мәселесі қаралғаны рас. Сот жюриінің отырысында оған қатысты іс қаралып, нәтижесінде Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі Марат Күздеубаевты тәртіптік жауапкершілікке тарта отырып, аудандық сот төрағасы лауазымынан босату туралы шешім шығарды. Сот жюриінің бұл шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Себебі, бұл шешімге оның (Күздеубаев – авт.) арыз түсіру мерзімі аяқталған жоқ. Келіспесе 10 күннің ішінде қарсы шағым түсіре алады, алайда әзірге арыз түскен жоқ. Қарсы арыз түспесе шешім заңды күшіне енді деп есептеледі де, одан кейін судьяны лауазымынан босату туралы Президентке ұсыныс жіберіледі. Сосын Мемлекет басшысының жарлығымен лауазымынан босатылады. Жоғарғы сот кеңесіне тұрақты он адам мүше. Одан бөлек Бас прокурор, Жоғары Соттың Төрағасы, Әділет министрі де жалпы отырыстарға қатысады, олар да дауыс беру құқығына ие. Ал Сот жюриіне бірнеше судья, адвокаттар мен қоғам белсенділеді қатысады. Олар Күздеубаев босатылсын деген шешімге келді. Бұндай жағдайдан кейін судьялардың орнында қалуы екіталай», - деп түсіндірді ҚР Жоғары Сот Кеңесінің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.
Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотында 2017 жылдан бері сот төрағасы болған Марат Күздеубаев аталған жағдайға қатысты жауап беруден бас тартты.
Әмірболат Құсайынұлы