$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.12.2020, 18:05
Қоғам

«Судьядан қысым көріп, ерте босандым»: Шиелі ауданында сот төрағасының үстінен тағы бір келіншек шағымданды

Қазір оның үстінен қылмыстық іс жүріп жатыр

«Судьядан қысым көріп, ерте босандым»: Шиелі ауданында сот төрағасының үстінен тағы бір келіншек шағымданды
Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаевтан қысым көрдім деген хатшы уақытынан ерте босанып қойғанын айтты. Бұған дейін Күздеубаев пен судья Гүлнұр Құрманбайдың арасындағы дауды жазған едік. Бұл жолы аудандық сотта алты жыл хатшы қызметін атқарған Еңлік Қыдыралиева өзінің жазықсыз қысымға ұшырағанын айтып, араша сұрады.

Оқи отырыңыз: «Ойнасым бол»: Қызылорда облысында судья сот төрағасынан азғындық көрдім деп шағымданды

28 жастағы келіншек бүгінде үш баланың анасы. Айтуынша, үшінші сәбиіне аяғы ауыр кезде төрағаның қудалауына ұшыраған. Себебі, тікелей басшысының (судья Гүлнұр Құрманбай – авт.) үстінен теріс куәлік беруден бас тартыпты. Қысым тоқтамағандықтан Еңлік жүктіліктің 34-ші аптасында босанып қойған.

«Шілдеде Шиеліде пандемиядан көп адам ауырды. Сол қиын кезде маған тыныштық бермеді, карантин болса да аяғымның ауырлығына қарамай келушілермен бетпе-бет жүздесуді жүктеді. Жүктіліктің 34 аптасында босандым. Бала толық жетілу үшін 40-41 апта қажет», - дейді аудандық соттың хатшысы.

Айтуынша, басшысы оның жүкті екенін біле тұра «декреттік» демалысқа біразға дейін жібермеген.

«Төраға маған «Гүлнұр Құрманбайдан ала алмаған ақымды сенен аламын» деп айтты. Сіздердің араларыңыздағы оқиғаға менің қандай қатысым бар, мен де жуырда «декретке» кетемін десегеніме қараған жоқ. Кезекті еңбек демалысына қаңтар айында шығуым керек еді. Ол мені мамыр айына дейін жібермей ұстады. Қорлайды, кемсітеді, ұжымның менімен сөйлесуіне тыйым салды. Хатшылықтан әкімшілік, кеңсеге, өзге де жұмыстарға ай сайын ауыстырып отырды. Шақырып алып, «судья екеуің қандай істерді қарағансыңдар, қанша ақша алдыңдар?» деген ауыр сөздер айтатын. Ақыры жүктіліктің 6 айлығында қысымға шыдай алмай, ауруханаға түстім. Дәрігерлер шала туу қаупі бар деп ауруханаға жатқызды. Төраға менің ішімді көре тұра жүкті екеніме сенбей, ауруханадан анықтама алғызды. 6 айда үстімнен 5 рет хаттама түсірді. Тіпті, облыстық соттың әкімшілігі арызды жаудыра бергенді тоқтатып, керісінше, жұмысқа мотивация беріңдер деп те айтты. Осындай қысымның кесірінен ауруханаға екі рет түстім. Ауырған адамнан сау бала қайдан тусын, күйзелісте жүргенде балам да ауру болып туды, оған гипоксия диагнозы қойылған», - деді Шиелі аудандық сотының бұрынғы хатшысы Еңлік Қыдыралиева.

Оқи отырыңыз: «Үйдегі жағдай ауыр, бірақ келіншегім түсінер»: жесір әйелді төсекке шақырды деп айыпталған сот төрағасының түсініктемесі

Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев қол астындағы келіншекті өзінің ойнасы болуға шақырғанын жала деп жариялған еді. Алайда, хатшы келіншек төрағаның айтқандарын жоққа шығарып, судья әйелге жеке жерде ғана емес, ұжымның алдында да ашық қырындаған кездері болғанын айтты. Отбасылы еркектің көңілдесі болуды ар санаған судья Г.Құрманбай ақыры басқаның баласын асырап алу арқылы «декретке» кетуге мәжбүр болған.

«Судья Құрманбай 2019 жылдың 6 желтоқсанында бала асырап алып, «декретке» кетті. Соның алдында судья мен төраға екеуі ұзақ уақыт «соғысты». Мен судьямды жасы үлкен болған соң апай деймін. Сол апайым төрағаның айтқанына бағынбады. Тойларда, ұжымдық отырыстарда төраға ашықтан ашық судьяға тиісетін. Гүлнұрға «Жалғызсың ғой, үйіңе апарып тастайын, кеше үйіңе неге қонбадың?» деп, оны көпшіліктің көзінше ыңғайсыз жағдайға қалдыратын. Тіпті, жиналыста «Кеше үйде жарығыңыз жанбады ғой, қайда болдыңыз?» деп сұрайтын. Судьяны өзінің көңілдесі қылғысы келді ғой. Гүлнүр Құрманбайқызы төрағаның әрекетінен ұжымның алдында қысылып, оның қылықтарын, жекесіне жазған хаттарын маған жұмыста жылап тұрып айтатын. Екеуі қызметтік үйде көрші тұрады. Төрағаның әйелі, бала-шағасы бар еркек болған соң судья Гүлнұр одан қашты, отбасының обалына қалғысы келмеді», - деді Еңлік Қыдыралиева.

Шиеліден шыққан шикілікті тереңірек түсіндірген хатшы өзінің де үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Тіпті, ата-анасына да тергеушілер бірнеше ай тоқтаусыз келе берген соң, әкесі ауру болып қалған. Хатшы судьялардың дауына өзінің қатысы жоқ екенін адвокат арқылы да дәлелдегісі келген. Алайда, одан да нәтиже шығар емес. Қазіргі кезде судья Г.Құрманбай мен оның хатшысы Е.Қыдыралиеваның үстінен ҚР ҚК 369-бабының (Қызметтiк жалғандық жасау) 3-бөлігі және 418-бабы «Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару) бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Қаржы полициясы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – ред.) біздің үстімізден қылымыстық іс қозғаған. Дәлел жоқ болғандықтан іс тоқтап тұр. Арызданып жатқан адам жоқ. Олар сонда да адвокатым арқылы маған «Сенің судьяңның бұл істен құтылуы қиын. Судьяға қарсы куәлік берсең құтыласың», деп екі рет айтқызды. Мені жалған куәлікке итермелеп тұр. Төраға «әрекетіне» көндіре алмаған соң жұмысына, шығарған шешімдеріне тисіп отыр», - дейді Е.Қыдыралиева.

Оның айтуынша, сот төрағасы Г.Құрманбайдың судьялық шешім шығаруына да араласқан көрінеді.

«Төраға судьяға «мынау менің туысым еді, құда-жекжатым еді, ағайыным еді, шешімді соның пайдасына шығарып бер, соттың шешімін олай шығарма, бұлай шығарма», деп үнемі араласып отырды. Г.Құрманбай істің ақиқаты қалай, үкімді солай шығарамын деп, оның айтқанына көнбейтін. Содан ұрыс, айқай басталатын, жасыратыныны жоқ, оны бүкіл ұжым естиміз. Судьяның шығарған шешіміне бола төраға оны жылатып, кейін апелляциямен істерін бұздыртып, сол үшін Г.Құрманбай жоғарыдан тағы таяқ жеп жүрді. Пленарлық отырыстарда оны күн тәртібіне жиі салатын. Сол қысым тоқтамаған соң судья бала асырап алып, біржолата еңбек демалысына кетемін деп шешті. Соған дейін жеткізді. Судья Г.Құрманбай жергілікті тұрып жатқан мекенжайы бойынша Қызылорда облысының сотына бала асырап алу жөнінде арыз берген. Төрағаның таныстары сонда жұмыс істейді екен, солар арқылы жолын бөгеп, бала асырап алуға «отказ» бергізді. «Декретке» кетуіне де қарсы болды, қызметін ауыстырамын десе де рұқсат етпеді. Содан судья амалсыз Шымкент сотына жасырын арызданып, сол жақта некеге отырып, бағына орай 6 айлық баланы асырап алды. Жаңа туған баланы асырап аламын деп жүргенде алты ай өтіп кетті», - дейді хатшы.

Оның сөзінше, қысым тек өзіне ғана емес, күйеуіне және әке-шешесіне де жасалған көрінеді. Соның салдарынан әкесі қант диабетіне шалдығыпты. Қазір мүгедектік алу үшін құжат жинап жүр екен.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары