Зейнетақы жинағының бір бөлігін медициналық мақсатта қалай пайдалануға болады?

Емделу мақсатында шетелдік медициналық ұйымды таңдауға мүмкіндік бар

Зейнетақы жинағының бір бөлігін медициналық мақсатта қалай пайдалануға болады?
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану аясында өтініш беруші емделу мақсатында шетелдік медициналық ұйымды таңдауына мүмкіндігі бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мәлімдеді.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін медициналық мақсатта пайдалануды көздеген азамат келесі қызмет түрлерін пайдалануына мүмкіндігі бар.

  • орфандық ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша емдеу, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер;
  • Қазақстан медициналық ұйымдарында көрсетілетін стоматологиялық қызметтер;
  • операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, ағзаның жұмсақ тіндеріне косметологиялық сипаттағы түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық) ;
  • радионуклидтік және радиойодтерапияны, радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ, киберножек) және протондық терапияны талап ететін аурулар;
  • отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде Қазақстан аумағында орналасқан санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту;
  • офтальмологиялық қызметтер (көруді лазерлік түзету, мультифокальді линзаларды пайдалана отырып катарактаны емдеу, ангиогенез тежегіштерін интравитриальді инъекциялар).

Сонымен қатар, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева бұл тізімнің алдағы уақытта өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

«Бұл тізім халықтың қажеттілігін ескере отырып өзгеруі мүмкін. Өтініш берушінің келесі қадамы оның қалауы бойынша шетелдік ұйымды қоса алғанда, медициналық ұйымды таңдау және онымен шарт жасасу болмақ. Сондай-ақ, жұбайының, жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге пайдалануға болатынын атап өткім келеді. Мұндай жағдайларда тараптар жеке кабинетте туыстық қатынастарды растайтын құжаттарды көрсете отырып, олардың ЭЦҚ-мен куәландырылатын біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады», - деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Еске салайық, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілетін болады. 

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.