ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Шиелі аудандық сотының төрағасы карантин кезінде тойға барған – видео

Судьяның үстінен шағымданушылар көбейді

Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев карантин талаптарын бұзып, тойға барған дейді оның ауылдастары. Бұған дейін қоластында істейтін судья келіншек төрағаның үстінен «қырындайды» деп шағымданса, хатшы «қысым көріп, уақытынан бұрын босанып қойдым» деп мұңын айтқан болатын. Енді Күздеубаевтың үстінен жергілікті тұрғындар арызданып жатыр. Бірақ 37 жастағы төраға мұның бәрін өтірік дейді.

Оның айтуынша, хатшы Еңлік Қыдыралиеваның бұған дейін айтқанының бәрі қып-қызыл жала екен.

«Еңлік Қыдыралиева менен қандай да бір қысым көрсе, неге шағымданбаған? Облыстық сотқа неге арызданбаған? Егер шынымен қысым көрсе, ол үндемей қалмас еді. Сондықтан, мұның бәрі –жала», - дейді Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев.

Оның сөзінше, судья Гүлнұр Құрманбайдың айтқаны да жалған көрінеді. Ол бұған дейін Марат Күздеубаев қырындап, қыр соңымнан қалмай қойды деп шағымданған болатын. Одан құтылу үшін бала асырап алып, декреттік демалысқа кетіпті.

«Гүлнұр Құрманбайдың үстінен Қызылорда облыстық соттарының этика жөніндегі комиссиясына шағым түсірдім. Этика комиссиясы бүгін маған жауап берді. Құрманбайдың «декретте» болуына байланысты сіздің шағымыңыз қараусыз, әзірге тоқтатыла тұрады деп жауап берді. Жала жабу бойынша мен әлі сотқа арыз берген жоқпын. Аяғын күтейік. Бұл адамдар мені қайта-қайта кінәлағанымен, ресми түрде ішкі істер органдарына арызданбаған. Өйткені, олар заңгерлер болғандықтан, жалған ақпарат үшін 10 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін біледі. Судья Г. Құрманбайдың 20 іске теріс шешім шығарғанын анықтап, сол бойынша жоғарыға арыздандым. Менің ұстанымым – тек қызметтік қатынас, сезімге, оғаш әрекетке де жол берілмейді. Судья Гүлнұрмен көрші екенім рас, оның мінезі туралы айтқым келмейді», - деді сот төрағасы.

Ал Шиелі тұрғындарының сөзінше, Марат Күздеубаев аудандық соттың төрағасы болса, оның анасы Дүрби Мәмірейқызы аудандық алқабилер кеңесінің мүшесі. Тұрғындар түкірігі жерге түспей тұрған төраға анасын заң саласына ешқандай қатысы жоқ болса да, даулы мәселелерді қарайтын жауапты іске араластырып отырғанын айтады. Сонымен қатар, елдегі пандемиялық жағдайға қарамастан, төраға тойға барып, көпшіліктің көзінше баланың тұсауын кесіп, карантин талаптарын бұзған көрінеді. Бірақ бұл әрекеті көпке белгілі болғанда, ол жергілікті әйелдерді кінәлапты. Тіпті, оларды тергеген көрінеді.

«Той 29 қараша күні «Ханшатыр» деген мейрамханада өткен. 72 қонақ шақырылған тойда Шиелі аудандық сотының төрағасы баланың тұсауын кесіп, вирусты тарату қаупін арттырды. Сол тойдың видеосы жарияланғанда бізді қыспаққа алды, сендер әдейілеп түсірдіңдер деп. Мені тойдың иесі арқылы кабинетіне шақырып алды да, «Не керек, қандай көмек керек, айт, бірақ видеоны жариялама» деді. Мен мұқтаж отбасының біреуіне үй алып беріңіз, ауданда мүгедек елу бала бар, соларға сыйлық беріңіз дегенмін. Сол сөздерді ықшамдап қиып алған да, бопсалады деп төраға үстімнен қылмыстық іс қозғатып жатыр. Арызды алдымен Шиеліге жазған, олар қоғамдық қордың қайырымдылықпен айналысатынын біледі. Арызы өтпеген соң, Қызылорда облыстық Полиция департаментіне, ондағы таныстарына шыққан. Бейшаралық қой бұл. Арызын оқыдым, ертегі жазыпты. Білдей соттың төрағасы бізден – аналардан қорқып қалыпты. 194-баптың (Қорқытып алу) 1-тармағы бойынша үстімнен іс қозғалған. Тергеуге бардым, «Жауап беруден бас тартамын, төрағамен сотта кездесейік» дедім. Бұл төрағаның тек әйелдерге ғана шамасы келеді», - дейді «Шиелі аналар қоғамдық қорының» төрайымы Гүлзинат Сағындықова.


«Шиелі аналар қоғамдық қорының» төрайымы Гүлзинат Сағындықова

Төрағаның тойда жүрген сәтін видеоға түсірген Ардақ Сыздықованы да полиция шақыртқан. Айтуынша, тергеушілер оның телефонындағы айғақты видеоны өшіріп тастаған.

«Чаттарға тараған видеоны мен де өзімнің парақшама жарияладым. Енді сот төрағасы сол үшін үстімізден қылмыстық іс қозғатып жатыр. Екі-үш әйел бармыз, соларға үстімнен айғақ жинадыңдар деп полицияға да шақыртты. Полиция бөлімінде телефонымды алды да, ішіндегі айғақ заттардың бәрін өшіріп тастады. Бірақ мен төрағаның тойға барған видеосын бөлек жерге көшіріп алғанмын, ол – міне. Қасымдағы аяғы ауыр әйелді де кабинетіне шақырып, «Ардақтағы видеоны жоғалтып, жоймасаңдар үстеріңнен іс қозғатамын, кінәсіз болсаң да, кінәлі қыламын деген. Мен бұл видеоны сонда да шығардым. Соттатып жіберемін деген, көрейік. Маған бола Аналар қоғамдық қорына мүше, бірге жұмыс істейтін әйелдерді қинап жатыр. Бізді әбден ашындырып болды. Аналардан оппозиция жасап жатыр. Өтірік митингіні сылтауратады, Әбілязовты сұрайды. Әбілязов қайда, біз қайда? Сот төрағасы көпбалалы, әлеуметтік әлсіз топқа жататын әйелдермен алысып келеді», - деді Шиелі ауданынның тұрғыны Ардақ Сыздықова.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы