$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.02.2021, 14:21
Қоғам

«Birgemiz» қоры Жамбыл облысында 5 баласынан айрылған отбасына 2 млн теңге көлемінде көмек береді

Қайғылы оқиға 19 ақпанда болды

«Birgemiz» қоры Жамбыл облысында 5 баласынан айрылған отбасына 2 млн теңге көлемінде көмек береді

«Birgemiz» қорының қамқоршылық кеңесі Жамбыл облысының Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен зардап шеккен Әбдімәліковтер отбасына 2 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдады.

«Қор атынан қаза тапқан балалардың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Бұл балалардың ата-анасына да, бәріміз үшін де орны толмас қайғы. Әбдімәліковтер отбасының қайғысына ортақтаса отырып, біз материалдық көмек көрсетуге шешім қабылдадық», - деп атап өтті Қор төрағасы Руслан Сакеев.

Естеріңізге сала кетейік, «Birgemiz» қоры өткен жылдың наурыз айында Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін құрылған болатын. Қор жұмысы барысында 655 мыңнан астам мұқтаж отбасыға (2,2 млн адам), 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне біржолғы төлем түрінде көмек көрсетілді. Халықтың қорғалмаған тобына жататын 100 мың отбасына 5 млн медициналық маска тегін таратылды.

Сондай-ақ, Қор қаражатына Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 32 үй салынды.

Айта кетейік, 19 ақпан күні Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйдегі пәтердің бірінен өрт шығып, бір отбасының 5 баласы қайтыс болған еді. Олардың үлкені 6 жасар болса, кішісі әлі жасына да толмаған. Сәбилердің бәрі түтінге тұншығып қалған.

Серіктес жаңалықтары