Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу бекеттерінің бірі жабылды
1 желтоқсаннан бастап «Кеген-Тасжол» және «Каркыра-автожол» бақылау-өткізу бекеттері қыс мезгіліне жабылды
Қазақстандық және қырғызстандық «Кеген-Тасжол» және «Каркыра-автожол» бақылау-өткізу бекеттері қыс мезгіліне жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Nur.kz порталына сілтеме жасап.
Бақылау-өткізу бекеттері бүгін, 1 желтоқсанда жабылды.
Өткізу бекеттерін жабу туралы бастама Қазақстанға тиесілі. Бұл шешім ауа райы мен жол жағдайларының нашар болуына қатысты қабылданды.
Сондай-ақ, түрлі төтенше жағдайдың алдын алу үшін бекеттердің жабылғаны айтылады.
Айта кету керек, маусымдық өткізу бекеттері болғандықтан, әдетте ол бекеттер қыс сайын жабылып тұрады.
Еске салсақ, өткен жазда қазақстандықтардың Қырғызстанға кіру ережелеріне өзгертулер енгізілетіні белгілі болған еді.
Ол кезде құжат Қазақстан мен Қырғызстан депутаттарының қарастыруында болды. Өзгерістер қабылданған жағдайда, қазақстандықтар туу туралы куәлікке қоса берілген анықтама-қосымшаны қажет етпейтіні туралы хабарланды.
Бұған дейін 16 жасқа дейінгі баланың фотосуретін енгізу міндетті болып табылған.