$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.02.2021, 16:30
Қоғам

«Ұят болды»: Илья Ильин әкімдік сыйлаған пәтерден айырылған Азия чемпионына қолдау білдірді

Илья Ильин осы мәселеге қатысты құзырлы орындарға хат жолдаған

«Ұят болды»: Илья Ильин әкімдік сыйлаған пәтерден айырылған Азия чемпионына қолдау білдірді
фото: Айдар Қазовтың жеке мұрағатынан

Солтүстікқазақстандық спортшы, Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік сыйлаған пәтерінен айрылып, далада қалды. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі көтерген бұл тақырып қоғамда қызу талқыға түсті. Мәселеге қатысты әйгілі ауыр атлет Илья Ильин де өз пікірін білдірді.

«Спортқа бей-жай қарамайтын азаматтардың барлығына айтарым! Ауыр атлетикадан Азия чемпионы және Универсиада жеңімпазы Айдар Қазовтың мәселесіне байланысты шет қала алмадым, сондықтан мен де өз пікірімді білдіруді жөн санадым.

Айдарға 2015 жылы Азия чемпионатындағы жеңісі үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Спортшы екі жыл бойы оны өз атына рәсімдей алмады. Одан кейін Азия чемпионына басқа тұрғын үй кешеніне көшуге ұсыныс жасалып, ондағы жылжымайтын мүлікті атына жазуға уәде етілген. Алайда кейін анықталғанындай, әкімдік «сыйға тартқан» пәтер сатылып кеткен», - деп жазды Ильин.

Оқи отырыңыз: «Ерім дейтін ел жоқ»: Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік берген пәтерінен шығарылып, далада қалды

Әлемге әйгілі ауыр атлет осындай жағдайға тап болған басқа да спортшылардың білетінін айтты.

«Ұят жағдай болды! Спортшыларға деген қарым-қатынас намысыма тиеді! Чемпионның отбасы далада қалғаны ма? Осындай жағдайға тап болған басқа да спортшыларды білемін. Барлық жауапты мемлекеттік мекеме өкілдеріне өтінішім, қордаланған мәселені шешуге көмектесуді өтінемін. Бұлай болмайды! Спортшылар еліміздің көк байрағын желбірету үшін жастық шағын, денсаулығын, жанын салады!», - деп тоқталды спортшы.

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин осы мәселеге қатысты құзырлы орындарға хат жолдағанын айтты.

«Спортта жеңіс қана емес, жеңіліс те болатынын түсінген жөн. Спортшыны сәтсіздік үшін жазғыруға болмайды. Чемпиондар жеңіс тұғырына көтерілгенде ғана керек пе?! Тұғырдан түскен соң берілген сыйлықты «тартып алуға» болмайды. Мен бұл мәселе дұрыс шешемін табады деп үміттенемін. «Қазақстан спортшылар одағы», Солтүстік Қазақстан облысының және Петропавл қаласы әкімдіктеріне ресми сұраным жолдадым. Бұл проблеманы бірлесе шешіп, болашақта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуге болатынына сенімдімін», - деді Илья Ильин Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.

Атақты спортшының пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыланды, көпшілік чемпионға сыйға берілген баспананың қайтарылуын талап етті.

«ОСЫДАН КЕЙІН БАСҚА ЖАС СПОРТШЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ ЫНТАЛАНДЫРАМЫЗ?!»

Солтүстік Қазақстан облыстық күрес федерациясының президенті, Қазақ күресінен ҚР бірнеше дүркін чемпионы Бауыржан Құлжанов та спортшыға қиянат жасалды деген пікірде. Спорт ардагері әкімдік осындай әрекеттердің кесірінен халық сенімін жоғалтқанын ашық айтты.

«Айдардың басынан өтіп жатқан жағдайдан хабардармыз. Мәселені бақылап, жазылғанның бәрін күнде оқып жүрміз. Осы салада жүргендіктен, барлығын жақсы түсінемін. Кез келген жеңіс, медаль жай келмесі анық. Ол қаншама еңбек пен төгілген тердің, тынымсыз жаттығудың нәтижесі. Айдар – жетім бала. Қазір өзі де екі сәби тәрбиелеп отыр. Обал болды. Алып қоятыны бар, пәтерді бермеу керек еді. Осындай әрекетке барған биліктің халық алдында қандай абыройы болады?! Елімізде спорт саласын дамыту үшін жағдай жасалып жатыр. Қаншама чемпиондарды тәрбиелеп жатырмыз. Олардың жігерін жанып, жетістікке жету үшін ынталандыру керек. Олар өздерін ел, билік қолдайтынына сеніп, алға ұмтылады. Мына жағдай талпынып жүрген жастарға да кері әсер ететіні анық. Әкімдік мұның барлығын реттеуі тиіс. Облыста спорт саласын дамыту жолында көп жұмыс атқарылып жатыр. Жыл сайын спорт кешендері салынуда. Жетістіктер бар. Бірақ, бүгінгідей оқиға соның барлығын жоққа шығарады. Спортшылар да реніш білдіріп жатыр. Оларға беретін жауабы жоқ», - дейді Бауыржан Ниязұлы.

Азия чемпионына әкімдік сыйға тартқан пәтерін қайтарып беру мәселесі Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің назарында. Мәселенің түйінін табу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазіргі Сенат депутаты Ерік Сұлтановқа ресми хат жолданды. Ал Айдар Қазов осындай жағдайдан шаршағанын, келеңсіздіктің кесірінен үлкен спортпен қош айтысуды жоспарлап жүргенін айтқан еді.

Осы мәселенің мән-жайына қатысты банкрот болған «Казгродострой-НС» құрылыс компаниясының директоры Александр Авдеев пен Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин сұхбат беріп, екі тарап да Азия чемпионы Айдар Қазовқа сыйға берілген пәтердің сатылып кетуіне өздерінің қатысы жоқ екенін айтты.

Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин 2016 жылы спортшыға пітер кілтін табыстаған басшылықтың ауысып кеткенін, ол кездегі мәселенің мәнінен бейхабар екенін айтып отыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары