$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.02.2021, 18:30
Қоғам

Азия чемпионына сыйлаған пәтер қалай сатылды - әкімдік пен құрылыс компаниясының жауабы

Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік берген пәтерінен шығарылып, далада қалды

Азия чемпионына сыйлаған пәтер қалай сатылды - әкімдік пен құрылыс компаниясының жауабы
Коллаж

Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазовқа берілген пәтердің сатылып кетуіне байланысты Петропавл қалалық әкімдігі түсініктеме берді. 2016 жылы СҚО-ның экс-әкімі Ерік Сұлтанов спортшыға кәсіби жетістіктері үшін «Жас Өркен» шағын ауданында орналасқан жаңа үйлердің бірінен 2 бөлмелі баспананың кілтін табыстаған болатын. Айдардың жылжымайтын мүліктен айрылып қалғаны туралы бұған дейін Azattyq Rýhy тілшісі жазған еді.

Петропавл қалалық әкімдігі мәселенің шешімін табудан гөрі, сырттан бақылап, түсініктеме беріп отыруды ғана жөн санаған сыңайлы. Шаһар әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин 2016 жылы жұмыс істеген мамандардың, басшылықтың ауысып кеткенін, ол кездегі мәселенің мәнінен бейхабар екенін айтып отыр.

«2016 жылы «Казгродострой-НС» құрылыс компаниясының директоры Авдеев пен Қазов арасында келісім болған. Спортшыға баспана берілді, алайда қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты Авдеев өз шешімін өзгертті. Оған әкімдіктің ешқандай қатысы жоқ. 2019 жылы облыстық спорт басқармасынан Қазовқа қызметтік пәтер беру жөніндегі өтінішхат түсті. Мәселе тұрғын үй жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Айдар Қазовқа жекешелендіру құқығынсыз 1 бөлмелі пәтер беру жөнінде шешім қабылданды. ҚР заңына сәйкес Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері ғана меншік иесі атана алады. Айдар ол санатқа жатпайды. Сондықтан, жылжымайтын мүлікті өз атына түсіре (аудара – авт.) алмайды», - дейді шенеунік.

Әкімдік өкілі 2019 жылы комуналдық қызмет бойынша 66 мың теңге көлемінде қарыз және газ бен жылусыз берілген үйдің берешегі араға бірнеше ай салып, 2020 жылдың ақпанында төленгенін де тілге тиек етті.

Оқи отырыңыз: «Ерім дейтін ел жоқ»: Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік берген пәтерінен шығарылып, далада қалды

2016 жылы Ерік Сұлтанов Азия чемпионына пәтер кілтін табыстаған сәтте «Казгродострой» құрылыс компаниясы және оның диекторы Александр Авдеевтің аты да аталған жоқ. Сыйлықты экс-әкім өз қолымен бергеніне көпшілік куә. Асқар Ережеповтің айтуынша, оны тартып алған кәсіпкер - Авдеев. Мәселенің мән-жайын өзінен білу мақсатында банкротқа ұшыраған құрылыс компаниясының басшысына хабарластық. Ол сөз арасында сот процесінен басқаға шамасы келмей жатқанын да айтып қалды. 

«Ол пәтер басқалары сияқты Петропавл қаласы әкімдігімен арадағы келісім кепілі ретінде банкте тұрды. Әкімдік бастамасымен, келісімнің үзілуіне байланысты ақшаны бакнтен қайтарып алды. Банк пәтерді аукционға қойып, сатып жіберді. Осылайша, Қазовтың пәтері сатылып кетті. Ол үшін әкімдікке «рахмет» айту керек. Спортшыға пәтерді облыс әкімі сыйлады. Мен онда болған да жоқпын. Ол бастапқыда-ақ банкте кепілде тұрды. Облыс басшылығы барлығынан хабардар болды. Әкімдік маған ескі үйлерді сүру, маңайды абаттандыру, комуналдық желілерге қосылуға кеткен шығындарды өтеуге тиіс еді. Бірақ олай болмады. Осындай жайттардың кесірінен компания банкротқа ұшырады. Қазір бірнеше сот болып жатыр. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін уақыт көрсетеді. Спортшыға шынымен обал болды. Әкімдік бергенін алып қойды. Оған ештеңе істей алмаймыз», - дейді Александр Авдеев.

Кәсіпкердің әкімдікке өкпесі қара қазандай. Ол өзінің де, спортшының да тығырыққа тірелуіне мемлекеттік органды айыптап отыр.

«Қара сылақпен тұрған үйді жөндеп бердім. Айдардың әпкесі тұрып жатты. Бірінші пәтерді босату керек болды. Сондықтан оларды екінші пәтерге көшірдім. Шын ниетіммен спортшыға көмектескім келді. Әкімдік әрекеті осындай жағдайға алып келді. Бірнеше жыл бұрын Жеңіс күні мерекесінде «Мәңілік алау» ескерткішінің алдына 10 мың гүл шоғын қойдым. Оны барлығы әкімдік берген ақпарат бойынша «әкім сыйлады» деп жазды. Бұл пәтер де солай болды. 52 шаршы метр. Қазіргі бағасы 18-20 миллион теңге. Олар пәтерді әкімдік сатып алуы керек еді. Самал Еслямовамен де осындай жағдай болды» - дейді Авдеев.

Петропавл қалалық әкімдігі банкротқа ұшыраған құрылыс компаниясын айыптады. Компания директоры шенеуніктерге сілтеді.

2015 жылы солтүстікқазақстандық спортшы Айдар Қазов ауыр атлетикадан Тайландта өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль әкелген еді. Спортшы 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен. Зілтемірші қос сайыс қорытындысы бойынша 350 келіні еңсеріп, жұлқа көтеруде 156, серпе көтеруде 194 келіні бағындырған болатын.
Дүбірлі додада Қазақстанның атын әлемге әйгілеген тұлғаны жерлестері бар сән-салтанатымен қарсы алды. 2016 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Азия чемпионына спорттағы толағай табыстары үшін жаңадан бөй көтеріп келе жатқан «Жас Өркен» шағын ауданындағы «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары