«Отандық медицинаға жасалған қиянат»: Алматыда дәрігер дайындайтын ЖОО оқытушылары наразылық білдірді
ҚР БҒМ аталған университеттің лицензиясын тоқтатқан болатын
Бүгін Алматыда бір топ медицина қызметкері Білім және ғылым министрлігінің шешіміне қарсы наразылық танытты. Олар Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің лицензиясын қайтарып алу әділетсіз деп санайды. Қазақстандағы медицина мамандарының біліктілігін жетілдіріп, үздіксіз білім беретін оқу орнының ұжымы қалыптасқан жағдайға қатысты өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Осыдан екі күн бұрын ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды деп мәлімдеген болатын. Жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген деп санайды БҒМ.
«2020 жылы шілде айындағы тексеріс нәтижелері бойынша аталған университет лицензиясының күші тоқтатылып, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген еді. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Бүгін университеттің алдына жиналған профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер оқу орнын жаппауды талап етті.
Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылған. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды. Оларға 527 маман сабақ береді. Қазір бұл университетте қала бойынша 180-нен астам клиникалық база бар.
ЖОО-да білім алып жатқан Назым Құлназарова интернатура бөлімінің соңғы курсында оқиды. Ол жылына 770 мың теңге төлейтінін айтады. Егер жылдың ортасында оқу орны жабылса, басқа оқу орнында жылдың басынан қайта оқуға тура келеді екен. Ал оқу жылының ортасында студенттерді өзге мекмелер қабылдамауы мүмкін. Болашақ дәрігердің айтуынша, бұл университет бұрыннан дәрігерлердің біліктілігін көтерумен ерекшеленеді. Дәрігерлік-профессорлық құрам өте жақсы. Сондықтан Назым Асфендияров атындағы ҚМУ-ден әдейі осы жерде интернатурада оқуға ауысып келген.
«Университет жабылады дегенді жаңалықтардан естідім. Қазір біз диплом алуға дайындалып жатқандықтан, бұл хабар бізге ауыр тиді. Жылдың ортасында ешқайда ауыса да алмаймыз, себебі арадағы қаржыны өз қалтамыздан төлеуге тура келеді. Жылдың ортасында ешқандай университет бізді қабылдағысы келмейді деп ойлаймын. Біздің сонша жыл ақылы бөлімде оқығанымыз зая кетейін деп тұр. Сол себепті біз университеттің жабылғанын қаламаймыз», - дейді ЖОО студенті.
Фотода Назым Құлназарова, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің 7-курс студенті
Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің микробиология және вирусология кафедрасының профессоры Раушан Тиесова-Бердалина оқу орнының соңғы жылдары аккредитациядан сәтті өтіп жүргенін айтады. Университетте оқытушылық құрам 59 мамандық бойынша өз біліктіліктерін дәлелдеген. Ал, резидентура 73 мамандық бойынша халықаралық ұйымдардың тәуелсіз сараптауынан сәтті өткен. Яғни, мамандар дәрігер ретінде біліктілігін қорғап, дәлелдей алады және кез-келген клиникада жұмыс істеуге дайын.
«Біз институционалдық және мамандандырылған аккердитацияны 59 мамандық бойынша алдық. Яғни, 2015 жылы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында қайта құрған кезде магистратура, докторантура, медицина, қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша барлық аккредитацияны біздің ұжым Білім және ғылым министрлігінен өз күшімен қорғап алды. Ешкімге ешқандай ақша төлемей, ешқандай парасыз, басқа да құйтырқы әрекеттерге бармай қорғап алдық. Резидентура бойынша 73 мамандық бар, біздің резиденттер халықаралық ұйымдардың тәуелсіз аккредитациясын да қиналмай қорғай алатын деңгейде. Яғни, олар дәрігер ретінде біліктілігін қорғап, дәлелдей алады және кез-келген клиникада жұмыс істей алады. Сондықтан, біздің талабымыз – университетті жаппасын! ҚР Президентіне, Үкімет басшысына қайырылып, мәселеге назар аударуды сұраймыз. Бізді БҒМ негізсіз жаба ма деп қорқамыз. Бұл отандық медицинаға жасалған қиянат», - дейді профессор.
Дәрігердің айтуынша, қазір Алматыда 80-ге жуық жеке серіктестік құрылып, мамандардың білімін жетілдіру бойынша сертификаттар беруді кәсіпке айналдырған. Оның құны шамамен 5 мың теңге тұрады. Университетті жабу соларға тағы да жол ашып береді.
Ал, мекеменің заңгері Зәуре Ержанова Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің лауазымды тұлғалары көптеген талапты ескермей отыр деп есептейді. Бұған дейін салалық министрлік оқу орнын тексергені рас, ол жерде көрсетілген заңбұзушылықтар толығымен жойылыпты. Оның айтуынша, ұзақ жылдан бері жұмысы қалыптасқан, білікті мамандары жасақталған оқу орнын жабудан ешкім ұтпайды.
«ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің лауазымды тұлғалары өрескел процессуалдық нормалар бойынша заң бұзушылықтарға жол беріп отыр. Тексеру алдын ала ескертусіз жасалды, тексеру қортындысымен танысуға мүмкіндік берген жоқ. Қазіргі уақытта барлық арыз-шағым сот талқылауында жатыр. Бұл бойынша әлі ешқандай сот шешімі шыққан жоқ, тиісінше заңдық күшіне енбеді. Министрліктің білім беру саласында рұқсат беретін бас лицензияны алу туралы шешімі заңсыз деп санаймыз. Осы күнге дейін анықталды делінген заң бұзушылықтардың барлығы түзетілген, ал комиссия мүшелеріне барлық тиісті құжаттар берілген болатын. Алайда, бізге түісініксіз себептермен комиссия оның ешқайсысын назарға алмай отыр. Алда аппеляция беруге, кассациялық шағым беруге біздің құқығымыз бар. Біз өзіміздің заңды жұмыс істеп жатқанымызды Жоғарғы сотқа дейін барып дәлелдеуге дайынбыз», - дейді университет заңгері.
Фотода Зәуре Ержанова, заңгер
«Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің комитеті те қарап жатыр. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», – деген болатын ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің мамандары.
Министрліктің хабарлауынша, елімізде 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранты сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр деді БҒМ өкілдері.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы