Зейнетақы төлемін ерте алу жүйесі жеңілдей түсті – агенттік
2021 жылы бірлескен аннуитеттерді енгізу жоспарланып отыр
Қазақстанда зейнетақы аннуитетін рәсімдеу шарттары өзгерді. Соның арқасында зейнетақы төлемдерін ерте алуға болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді.
Мария Хаджиеваның айтуынша, тиісті заң аясында зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алудан бөлек, зейнетақы аннуитетін рәсімдеу шарттарына өзгеріс енгізілді. Мәселен, өткен жылы зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адамдар үшін 11,3 миллион теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін 15,5 миллион теңге болды. Биылдан бастап ер адамдар 6,7 миллион теңгеден және әйелдер 9,0 миллион теңгеден бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Оны алдын ала 45 жаста да жасап қоюға болады. Бұл үшін есепшотта 6,1-7,7 миллион теңге болуы шарт. Ал 55 жастан бастап зейнетақы төлемдері беріледі.
Қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан сатып алу құқығын пайдалана алады.
Сондай-ақ, 2021 жылы бірлескен аннуитеттерді енгізу жоспарланып отыр, ол зейнетақы аннуитеті шартына бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын білдіреді. Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірісті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің ӨСК-ден аннуитет сатып алуға зейнетақы жинағы жетпейтін болып, екіншісінде артық болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер төленеді.