$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2021, 18:40
Қоғам

Бақыт Түменова: «Қысқа мерзімде жасалған вакцинаға күмәнмен қараймын»

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталады

Бақыт Түменова: «Қысқа мерзімде жасалған вакцинаға күмәнмен қараймын»

«Аман саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова коронавирустың алдын алуға арналған вакцинаға қатысты пікірін білдірді. Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында дәрігер пандемиядан құтқаратын екпенің қысқа мерзімде жасалғанына күмәнмен қарайтынын айтты.

Оның пікірінше, әдетте вакцина жасау бірнеше жылға созылады. Оны сынақтан өткізу де оңай шаруа емес. Десе де, пандемия күтуге болмайтынын көрсетті. Денсаулық саласына жауапты мамандар екпе салу науқанына атүсті қарамай, әрбір ағзаны жіті тексеріп барып, шешім қабылдауы тиіс.

«Пандемияның пайда болғанына бір жыл ғана уақыт болды. Сол қысқа мерзімде вакцина жасап шығарғаны менің күдігімді тудырып отыр. Әдетте мұндай екпені жасауға 5-6 жыл уақыт кетеді. Бір жағынан, пандемия ешкімді күтпейтінін көріп отырмыз. Сондықтан асығып жатқан болар. Пациенттің жеке құқығы бойынша денсаулыққа қатысты кез-келген әрекетт оның өз келісімімен болуы керек. Ол үшін адам толықтай ақпарат алуы тиіс, вакцина туралы, оның шыққан жері туралы, қандай режимде сақталуы керегі туралы ақпараттармен танысқаны дұрыс. Сосын жас ерекшелігі де ескеруі керек», - дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, дәрігерлер екпе салмас бұрын адамның антитела деңгейін тексеру міндетті. Себебі өткен жылы көп адам симптомсыз ауырған болатын. Антителасы бар адамдарға екпе салудың қажеті шамалы. Айта кетерлігі, қазір әлемде коронавирустың өзге штамдары пайда болып жатыр. Қазақстанда салынып жатқан вакцина ол вирустардан қорғай ала ма, жоқ па – ол жағы айтылмай отыр.

«Кейбір адамдар коронавируспен ауырды, содан соң 6 ай уақыт өтті. Сонда да ол адамда антитела сақталған шығар. Сондықтан вакцина мәселесін көтергенде, әр адамға жеке көңіл бөліп, жіті тексеріп салған дұрыс деп отырмын. Сосын, осы екпені жасап шығарғандарға және медициналық қауымдастыққа сұрағым бар: бұл вакцина қанша уақытқа жарайды, яғни екпе алған адамды қанша уақытқа дейін аурудан қорғай алады? Егер КВИ-дің басқа штамы пайда болса, мысалы қазір Еуропада, Ұлыбританияда жаңа түрлері шығып жатыр, бұл вакцина халықты жаңа штамдардан қалай сақтайды? Менің ойымша қорғай алмайды. Айтпағым, екпе салынған соң сол иммунитет қанша мерзімге дейін шыдайды дегенге жауап іздеу керек», - дейді дәрігер.

Денсаулық сақтау министрлігі жасы 65-тен асқан адамға екпе салуға болмайтынын айтты. Бақыт Түменова адам ағзасынан аллергиялық аурулардың көрсеткіші байқалған жандарды да сақ болуға шақырады. Созылмалы аллергиясы бар кез-келген жастағы адам екпе салдыру алдында жақсылап тексерілуі тиіс. Сол сияқты кез-келген созылмалы дерті бар азамат КОВИД-ке қарсы екпе салдырмас бұрын, тексерілгені жөн.

«Қазір біз вакцинацияның қажет екенін түсініп отырмыз. Себебі бұл екпе жұқпалы дертті әлсірете ме деген үмітіміз бар. Мысалы, туберкулезге қарсы вакцина бала жаңа туғанда, сосын мектепке барғанда салынады. Ал тұмауға жыл сайын салынып отырады. Егер тұмаудың мутацияға ұшыраған формасы шыққан күннің өзінде, вакцина алған адам жеңіл ауырады. Бұл вируспен де біз енді ары қарай өмір сүре беруіміз мүмкін. Сондықтан осы вакцина да біздің өмірімізге сол тұмауға немесе туберкулезге арналған вакциналар сияқты салынып, адамдармен бірге өмір сүре береді деген болжам бар», - дейді Б. Түменова.

Айта кету керек, Қазақстандықтарға 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцина салу басталады. Отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%). «Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы дүйсенбіден бастап ерікті түрде халыққа «Спутник V» вакцинасын сала бастайды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары