$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2021, 13:25
Қоғам

Петропавлдағы театр актерлеріне әкім берген пәтерлер қайтарып алынбақ

Театр актерлері жергілікті билікке өкпелі 

Петропавлдағы театр актерлеріне әкім берген пәтерлер қайтарып алынбақ
Фотоколлаж

Солтүстүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының бір топ актері баспанасыз қалуы мүмкін. Сахнагерлер осыдан 10 жыл бұрын облыс әкімі кілтін табыс еткен пәтерлерінен шығарылмақ. Театр мамандары соңғы 2 жылда сотқа шақырту қағаздары мен «үйді босатыңыздар» деген ескертумен келетін «меймандардан» мезі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

2010 жылы Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры 10 жылдығын атап өткен болатын. Салтанатты жиында сол кездегі облыс әкімі Серік Біләлов шығармашылық ұжымның бір топ мүшесіне пәтерлердің кілтін табыс еткен еді. 10 отбасының төртеуіне медицина саласының мамандарына арналған «Дәрігерлер үйінен» пәтер берілген.

Арада 8 жыл өткеннен соң бейқам отырған тұрғындардан маза кете бастады. Жылыту маусымы аяқталса болды, сотқа шақырту қағаздары мен денсаулық сақтау басқармасының мамандары келіп пәтерлерді босатуды талап етеді. 

«Біздің басқа барар жеріміз жоқ. Бәрінің кішкентай балалары бар. Сондықтан шықпаймыз. Күз келгенде қуанатын болдық. Өткені қыста бізді ешкім далаға қуа алмайды. Заңға қайшы. Бұл мәселені арқалап облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қабылдауына да бардық. Орынбасарлары мен мәдениет және денсаулық сақтау басқармасының басшылары бізді жолдан бөгеп, мәселенің шешілетінін айтты. Бірақ әлі күнге жағдай өзгерген жоқ. Содан бері 1 жыл өтті. Ешкім хабарласып та көрген жоқ. Өткен күзде денсаулық сақтау басқармасының мамандары үйдің біздің меншік емес екенін есімізге салу үшін тағы келді. Кейін күн суытты да, жылыту маусымы басталды. Енді күн жылынса тағы да сотқа шақырту аламыз ба деген үреймен күнелтіп келеміз», - дейді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актері Асылхан Рәзиев.

ЖАЛАҚЫ ИПОТЕКА РӘСІМДЕУГЕ ЖЕТПЕЙДІ

Сахнагердің өнер ордасында жұмыс істеп келе жатқанына 13 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында 30-дан астам спектакльде ойнаған. Оның жартысына дерлігі басты рөлдер. Өзін режиссерлік қырынан да көрсетіп, театр репертуарына балаларға арналған екі спектакль енгізген.

«Алатын жалақым 90 мың теңге. Онымен пәтерге алғашқы жарна сомасын жинау мүмкін емес. Егер баспанамызды тартып алып жатса, дипломды қалтаға салып, бала-шағаны ертіп ауылға барудан басқа амал жоқ. Онда жұмыс табылмаса да, мал бағып күнелтуге болады», - дейді актер.

Жас та талантты актерлер Нұрбол мен Гүлдана Асқаровтар үш бала тәрбиелеп отыр. Бұған дейін ипотека рәсімдеп, пәтер алмақ болған. Алайда банктердің барлығы несие беруден бас тартан. Оған себеп – табыстың аздығы.

«Қазір әйелім бала күтіміне байланысты 0,5 ставкада жұмыс істеп жүр. Кенже ұлымыз 1 жасқа толмағандықтан жәрдемақы аламыз. Өзім театрдан бөлек қаладағы мектептердің бірінде актерлік шеберлік үйірмесін жүргіземін. Осының барлығын қосып есептеп, соманы 5 адамға бөлгенде несие төлейтін қаражат қалмайды екен. Сондықтан ипотекалық баспана бізге бұйырмады», - дейді Нұрбол.

5 адамнан құралған отбасы әзірге 36 шаршы метр баспананы паналап отыр. Қалған 6 пәтерді алғандар арасында 10 жыл өткен соң жекешелендіргендер де бар екен. Араларында мүлікті сатып, басқа өңірге көшіп кеткендер де бар.

МАМАНДАР ЖҰМЫСТАН КЕТІП ЖАТЫР

Соңғы жылдары Петропавлдағы қазақ театрының мамандары бірінен соң бірі жұмыстан кетіп жатыр. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Абдрисов бұл құбылысқа баспана мәселесі де әсер етіп отырғандығын жеткізді. Республика бойынша ең төменгі жалақы көрсеткіші Солтүстік Қазақстан өңіріне тиесілі болғанына қарамастан,  шаршы метр құны басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

«Қазақ театры актерлерінің баспана мәселесі сотқа дейін жеткен болатын. Тиісті шараларды қолданып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен келіссөздер жүргіздік. Актерлер «Дәрігерлер үйінде» тұра алады. 10 жылда талай басшы ауысты. Сондықтан ол кезде 4 отбасына басқа жерден емес, не себепті дәрігерлер үйінен баспана берілгенін білмеймін. Мәдениет басқармасының есебінде үйлер жоқ. Салада баспанаға мұқтаж мамандар жетерлік. Сондықтан ведомстволық үй салу мәселесін көтеріп жатырмыз. Тек ол ешқашан меншікке берілмейтін, жалдамалы нысан болуы керек», - дейді Досбол Нұржанұлы.

Актерлер театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүмыс істеп жүрген адамдар далаға қуылып, пәтер берілгендері оны өз пайдасына жаратып іргесін аулақ салып жатқанына өкпелі. 10 жыл тұрған шаңырағынан қуылып жатқандар арасында театр актерлері Марат пен Гүлнәз Гайнуллиндер бар.

«Үй облыстық аурухананың есебінде тұр. Баспана – дәрігерлерге арналған. Жалдамалы пәсерлерде ешкім де мәңгілікке тұра алмайды. Өңірде дәрігерлер жетіспейді. Медицина мамандарына да пәтер керек. Актерлерге баспана беру мәселесіне қатысты мәдениет басқармасы жауап берсін», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Қабдрахман Сақтағанов.

Солтүстік Қазақстанда осы сынды даулы мәселелер жиі болып тұрады. Облыстың бұрынғы әкімі Серік Біләлов кілтін табыстаған үйден актерлер шығарылмақ. Одан кейінгі экс-әкім Ерік Сұлтановтың Бәйтерек ауылдық мектебіне сыйлаған автобусы ұшты-күйлі жоқ болып, соңы дауға ұласқан еді. Құмар Ақсақаловтың да актриса Самал Еслямоваға жұрт алдында табыс еткен кілттің пәтері араға екі жылдан артық уақыт салып, мәселеге журналистер араласқаннан кейін ғана қана берілген еді. 

Оқи отырыңыз: СҚО әкімі уәде еткен пәтерді әлі алған жоқпын – Самал Еслямова

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары