$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.02.2020, 13:11
Жаңалықтар

СҚО әкімінің ауыл мектебіне сыйлаған автобусы ұшты-күйлі жоғалды

2016 жылы су жаңа автобус кілтін сол кездегі облыс әкімі Ерік Сұлтанов сыйға тартқан 

СҚО әкімінің ауыл мектебіне сыйлаған автобусы ұшты-күйлі жоғалды
Фотоколлаж

2016 жылдың 1 қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның тұсаукесер рәсіміне келген сол кездегі әкім Ерік Сұлтанов (қазіргі таңда Сенат депутаты) халықты қуанышты жаңалықпен құттықтап, мектеп директорына су жаңа автобустың кілтін табыстаған болатын. Алайда ауыл тұрғындары көлікті сол күннен кейін қайта көрмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бәйтерек ауылында негізінен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Моңғолия,  Өзбекстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан сынды мемлекеттерден қоныс аударған қандастарымыз тұрады. Барлығы 400-ге тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда мектеп болмағандақтан балалар бірнеше жыл бойы аудан орталығына қатынап оқыған еді. 2016 жылы бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып, елді мекенде жаңа мектеп ашылды. Ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен сол кезде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қызметін атқарған, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов құттықтап, ПАЗ маркілі су жаңа автобустың кілтін сол кездегі мектеп директоры Саяудат Сұлтанғазинаға табыстаған еді. Бұл жайында жергілікті ақпарат құралдары да сүйіншілеп жазған болатын.

«Құрметті Бәйтерек ауылының тұрғындары, ата-аналар, оқушылар баршаңызды Білім күнімен және осындай жаңа мектеп ашылу салтанатымен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында облыста 3 жаңа мектеп ашылып жатыр. Бәйтерек – жаңа салынған болашағы зор ауыл. Жыл өткен сайыз халық саны көбейіп келеді. Тұрғындар санымен бірге әлеуметтік нысандар саны да артып келеді. Бәйтеректің 300-ге тарта оқушысы бірнеше жыл бойы аудан орталығына қатынап оқығанын барлығымыз білеміз. Енді шәкірттер сәулетті әрі кң мектепте білім алатын болады. Ауылда жаңа жұмыс орындары  ашылып отыр. Жаңа мектеп ел игілігіне қызмет етсін», - дей келе Ерік Сұлтанов жаңа мектептің директоры Саяудат Сұлтанғазинаға ПАЗ маркілі жаңа автобустың кілтін табыс еткен бейнежазба да сақталған.

Одан кейін құрметті мейтан жайла да жарық сыныптарды аралаған.

Мектептің ашылу салтанатына келген ауыл тұрғындарының қарасы да қалың болған еді. Бұл қуанышты сәтті, жергілікті тұрғындар көптен күткені белгілі. Сондықтан жаңа мектептің ашылған күні олар үшін ұмытылмас сәтке айналғаны сөзсіз. Майрагүл Қабыл Бәйтерек ауылында 6 жыл бойы тұрады. Көпбалалы ана 2 ұлының жаңа мектепте оқитынына қуанғандардың бірі.

«Осында көшіп келгелі балалар облыс орталығы Бескөл ауылына сабылды. Енді ешқайда барудың керегі жоқ. Көп күттік бұл мектепті», - дейді көпбалалы ана.

Білім күнінде Бәйтерек ауылының орта мектебінің ұжымына бұрынғы облыс әкімі Ерік Сұлтанов автобуспен бірге бірінші сынып табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған оқушыларға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітабын да табыстаған еді.

Ауыл тұрғындары сол автобусты бір-ақ рет көргендіктерін айтады. Әкім Бәйтеректен кетісімен, көлік те ізім-ғайып жоқ болған.

«Мектеп ашылғанда барлығымыз қуандық. Оның үстіне сол кезде облысымызды басқарған әкім Ерік Сұлтанов келіп, халықты құттықтады. Салоннан жаңа шыққан автобустың кілтін табыс етті. Бірақ одан кейін сол көлікті көрген жоқпыз. Оның қайда кеткені белгісіз. Кішкентай дүние болса әңгіме басқа. «Жоғалып қалды» дейтін. Үп-үлкен автобус. Оған қыруар қаржы бөлінгені де анық. Әр мектептің мүлкі осылай із-түссіз жоғала берсе, не болмақ? Она басқа мектепке берсе немесе басқа мақсатқа пайдаланылса да, халық білуі тиіс еді ғой. Мектеп басшылығынан рұқсат алынуы керек. Автобустың жоғалғаны біз үшін жұмбақ жағдайға айналды», -  дейді Бәйтерек ауылының тұрғындары бірауыздан.», -  дейді Бәйтерек ауылының тұрғындары бірауыздан.

Автобустың қайда кеткенін Бәйтерек орта мектебінің директорынан сұрап көрдік. Ол мұндай көліктің болғандығын бізден алғаш естігенін айтты.Білім ордасының басшысы қызметіне жақында кіріскенін айтады. Бәйтерек мектебі жарты жылдан артық уақыт басшысыз жұмыс істеп келген еді. Мекемеге директор тағайындау мәселесі де үлкен дауға ұласқан болатын. Атышулы ұжым тағы да дауға қалды.

«Мен мектеп директоры қызметіне бірер ай бұрын ғана кірістім. Ешқандай автобус көрген жоқпын. Бұл жайында бұрынғы директор Саяудат Сұлтанғазинадан сұрап көрдім. Ол да ештеңе білмейтінін айтты», - дейді Бәйтерек орта мектебінің директоры Шамшухан Шаймерденов.

Әкім автобус сыйладым деп халықты алдады ма, әлде мектеп мүлкі қолды болды ма? Сұрақтың жауабы әзірге белгісіз.

Оқушылардың біреуі де мініп үлгермей жатып көзден ғайып болған, мектеп директорының өзі бейхабар болып отырған көлік мәселесін Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі назарда ұстайды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары