COVID-19: Павлодар облысына вакцинаның 80 мың дозасы бөлінеді
Коронавирусқа қарсы вакцинациялауды жүргізу үшін медициналық қызметкерлер арнайы оқытылды

Өңірде алдымен 9 мыңға жуық медициналық қызметкерге коронавирусқа қарсы вакцина егіледі, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару жоспарланып жатқанын атап өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Павлодар облысына 80 мың доза бөледі. Вакцина 1 ақпаннан бастап кезең-кезеңімен жеткізіледі.
«Вакцина Сұлтанов атындағы облыстық аурухана базасындағы мұздатқышқа жеткізіледі. Онда 2,2 куб метрлік мұздатқыш бар. Бұл бірінші кезеңдегі вакцинаны қабылдап алуға жеткілікті. Қосымша 1,2 куб метрлік 3 мұздатқыш сатып алынады», - деді Айдар Сейітқазинов.
Басқарма басшысының айтуынша, КВИ-ге қарсы вакцинациялауды жүргізу үшін медициналық қызметкерлер оқытылды. Облыста 1125 қызметкер вакцинациялаумен айналысады. Оның ішінде дәрігерлер мен орташа деңгейдегі қызметкерлер бар.
«Облыста вакцинациялауға 85704 адам кіреді. Бұл нақты сан емес. Сондықтан өзгеруі мүмкін. Вакцинаны уақытында егу вакцинаға қатысты клиникалық көрсеткіштерге, адамдардың өз еркімен егілуіне, егілетіндердің эпидемиологиялық статусына байланысты», - деді Айдар Сейітқазинов.
Вакцинациялауға алдымен медициналық қызметкерлер, педагогтар, құқық қорғау және күш құрылымдарының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер, жабық балабақшалардың қызметкерлері кіреді. Сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдар кіретін болады.
«Ақпанда алғашқы болып жеткізілетін вакцина медицина қызметкерлеріне егіледі. Жоспар бойынша 9 мыңға жуық медицина қызметкері қамтылады. Мұнда стационарлардың және жедел жәрдем қызметкерлері кіреді», - деді басқарма басшысы.
Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, вакцинациялауға дайындық үшін облыста ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Оған қоса, тұрғындар сұрақтарына жауап алу үшін жедел желі құру қажет.