Жамбыл облысында екі жүзден аса көлік қар құрсауында қалды
Жол бойында жылыту бекеттері ашылды
Жамбыл облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық жолдар жабылды. Бұл туралы облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«22 қаңтарда сағат 7:20-да ауа райының күрт нашарлауына, яғни қатты желден жолда көру мүмкіндігінің төмендеуіне байланысты республикалық маңыздағы Алматы – Ташкент тасжолының Айшабибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі бөлігінде жол барлық автокөлік үшін жабылды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығы қала сыртындағы ауданаралық жолдардың да бағытын бөгеді. Қар құрсауында қалып қойған жүргізушілер де бар. Жедел құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға облыстың бірнеше аудандық ТЖБ және ТЖД мамандары жұмылдырылған.
«Таңғы сағат 9:30-да ТЖД-да шұғыл штаб құрылып, оның құрамына «Қазавтожол», «Қазақстан темір жолы», Жолаушылар транспорты басқармасы, ПД өкілдері кірді. Автожолдарды тазалау үшін «Қазавтожол» ЖШС-дан 9 бірлік техника және 12 адам тартылды», - деп жазылған.
Айша-бибі ауылының жолында 200 жүк көлігі мен 30 жеңіл автокөлік, «Алматы-Термез-Ташкент» автожолында 2 бұзылған жүк көлігі тұр.
Сонымен қатар, облыстағы төтенше жағдайға байланысты жол бойында жылыту бекеттері ашылған.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан