«Науқастарға берген тамақты ит те жемейді»: Алматыда психдиспансер қызметкерлері басшының үстінен шағым айтты
Олар жалақының тым аз екенін де айтып отыр
Алматыдағы жүйке жүйесі ауруларын емдейтін орталық қызметкерлері басшы тарапынан қорлық көрдік деп митинг ұйымдастырды. Олардың айтуынша, мекеме басшысы ауыр сөздер айтуымен қоймай, ұжым ішінде жиі ақша жинайтын көрінеді. Наразы топтың мұңын Azattyq Rýhy тілшісі тыңдап қайтты.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, директор Ғанипа Ысқақова науқас балаларды кемсітіп қорлауды әдетке айналдырған көрінеді. Ал, жүздеген науқасқа қарауға бір ғана адамды бекітіп қойған. Директор орнынан кетпей мұндағы сау адамға да, науқастарға да тыныштық жоқ деп жанайқайын жеткізді наразылық білдірген мамандар.
«Жуырда ғана жұмыстың жаңа кестесі шықты. Бөлімдегі 120 науқасты 1 қызметкер 24 сағат қарауы тиіс. Аурулар құлап қалуы, бір-бірімен төбелесуі мүмкін. Түрлі келеңсіз жағдайлар болады. Сонда екі адамның жұмысын бір медбикеге міндеттеп отыр. Айлықты да азайтты», - дейді «Демеу» әлеуметтік қызмет орталығы» КММ қызметкері Тұрсынжан Рахманов.
5 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАЛАҚЫ ӨСПЕГЕН
Ал, осы мекемеде оншақты жылдан бері жұмыс істейтін Ләззат Каримованың сөзінше, бұрынғы директор агроном болған. Оның кезінде қызметкерлерге гүл өсіру басты міндет болыпты. Ал, қазіргі директор – педагог. Алайда, істеген әрекеті кәсібіне сай емес дейді орталық қызметкерлері.
«Психикасы бұзылған балаларды сау адамдай көреді. Мекемге 17 жастан жоғары науқастар жатады. Бір бөлімде 117 науқас болса, оларға стандарт бойынша 2 медбике, 7 санитар қарауы тиіс. Ал бізде керісінше, бір тәулікте 120 науқасқа 1 медбике, екі санитар қарайды. Қалай үлгереді? Мекеме басшылығы «Еңбек кодексін» бұзған жоқ па? Өзіңіз ойлаңызшы, бұл балалар бір-бірімен төбелеседі, бұтына жіберіп қояды. Үш қызметкер оларға қалай ие болады?! Ал, біз пікірімізді айтсақ, жұмыстан шығарамын дейді. Жалақыға да жарымадық, 5 жылдан бері өзгермеді. Жыл сайын дәрігерлерге 30-40% қосылса да, бізге қосылмайды. 2016 жылы 71 мың теңге жалақы алсақ, қазір 80 мың теңгенің айналасында», - деді Ләззат Каримова.
«Біз санитарлар науқастарды күніне 5 рет тамақтандырамыз, олардың киімдерін ауыстырамыз. Мекемедегі жөндеу жұмыстарына бізден ақша жинап алады. Жинамасақ жұмыстан кетесіңдер деп қорқытады. Мекемені тазалау, гүлді күту, ауланы жинау да біздің міндет. Жыртылған матрасты тігу, қар тазалау да бізге жүктелген. Бір сөзбен айтқанда науқастарды тастап, қара жұмысшы болып, сыртта жүреміз», - деді санитарлардың бірі Лариса Криченко.
ТҮСКІ АСҚА НЕБӘРІ 15 МИНУТ
Наразылық танытқан медқызметкердің жалақысы да қысқарып қалатын көрінеді. Бастықтар 4-5 сағат қана жұмыс орнында отырса, қарапайым мамандардың ас ішуіне небәрі 15 минут қана уақыт береді екен. Қызметкерлердің есеп шотына артық ақша аударып, оны кейін кері жинап алу да бастықтардың «бизнесіне» айналған көрінеді.
«24 сағат жұмыс істейміз. Бірақ түскі ас ішуге 15-ақ минут уақыт береді. Өздері таңғы сағат 9-да келеді де, күндізгі 3:15-те кетеді. Ал, нәжіс жуып жүрген біздің жалақыны қысқартады. 2020 жылдың желтоқсанында 190 мың 981 теңге жалақы шықты. Бірақ қолыма 37 мың теңге алдым. «124 мың 500 теңге қарызсың» деді. Ол қандай қарыз? Сұрамаған авансты бердік дейді. Неге олай мәжбүрлейді? Ешкім дұрыс жауап бермейді. Тіпті, өздері арыз жазып, өздері қол қойып тастаған. Ақшаны игере алмаса, неге осында жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға көмектеспейді? Неге мекеменің керек-жарағын алмайды? Қит етсе сөгіс береді. Мемлекет беретін сыйақыны қысқартып тастайды. Сыйақыға екі рет 51 мыңнан қол қойдық, бірақ қолымызға 35 мың теңгеден берді», - деді тағы бір қызметкер.
«НАУҚАСТАРҒА БЕРЕТІН ТАМАҚТЫ ИТ ТЕ ЖЕМЕЙДІ…»
Мұнда денсаулығы онсыз да нашар адамдарға берілетін тамақ нәрсіз, санитарлық талап сақталмайды екен. Құнарсыз ас, шіріген алма аурулардың ас-суына айналған. Тек тексеру келген кезде ғана ас мәзірі түзелетін көрінеді. Қанша тексеру келсе де, құқық қорғау органдары орталықтан ешқандай «мін таппаған».
«Суға қайнатылған нәрсіз ботқа, сары май тілім нанға жауғаға да жетпейді. Тлім шұжықтың жұқалығынан күн көрінеді. Науқастар салмақ жоғалтып жатыр, арықтап кеткен. Дұрыс тамақ ішпегені үшін медбикелерді кінәлайды. Науқастар емделгеннің орнына басқа ауру жамап жатыр. Прокуратура келсе, тамақ түзеледі. Қалай кетеді, тамақ құнары бұзылады. Ет мүлдем берілмейді. Көп науқас азып-тозып, арықтап кетті. Дұрыс тамақ болмаған соң іштері өтеді. Шіріген алма береді. Иммунитет жоқ. Ауырса ағзасы көтере алмайды. Шынын айтсақ, беретін тамағын көшедегі ит те жемейді. Сондықтан жоғары жақтан келіп тексеруін талап етеміз», - деді Елена Калипарова бастаған медбикелер.
Фотосуретте Ғанипа Ысқақова
«Демеу» мекемесінің дирекоры Ғәнипа Төлепбергенқызының сөзінше, қызметкерлер өздерінің қалай қарызға батқанын «түсінбейді». Ал науқастарды тамақтандыру тендерді ұтқан компанияға тиесілі.
«Бухгалтерді, сарапшыларды шақырып, комиссия құрамыз. Өзге мекемелердегі әріптестерді шақырып, әрбір медбикенің айлығын жеке-жеке қараймыз. Қысқарту болмайды. Тамақ бойынша біз бірнеше рет жоғарыға шағымданғанбыз», - деді Алматы қалалық Әл-ауқат басқармасының «Демеу» әлеуметтік қызмет орталығы» КММ директоры Ғанипа Ысқақова.
Директордың сөзінше, айналаны реттеп, қар күреу санитарлардың міндеті. Ал, бастықтың ақтала айтқан сөзіне сенбеген санитар мамандар істі адал, шынайы қарайтын комиссия келсе ғана мәселе шешіледі деп санайды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы