ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры Оралдағы зағиптар қауымына өз ісін бастауға көмек беріп жатыр

«Салиқалы ұрпақ» қоры 2016 жылы құрылған

«Салиқалы ұрпақ» қоры Оралдағы көру мүшесі зақымдалған мүгедектертің «Жайық» қоғамдық бірлестігіне көмек қолын созып, оларға өз істерін дамыту үшін тігін жабдықтарын табыс етті.

20 қаңтарда өткен салтанатты шараға Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков, «Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Қадырбеков және т.б. қатысты.

«Жайық» қоғамдық бірлестігінің құрамына көру мүшесі зақымдалған 35 жасқа дейінгі 30 шақты азамат кіреді. Олар жұмысқа тұрудың қиындығы себепті «Салиқалы ұрпақ» қорынан өз істерін бастау үшін тігін жабдықтарын сатып алуға көмек сұрады. Осы жабдықтардың көмегімен жастар сатылымға жарамды дүниелер тігіп, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры көру мүшесі зақымданған жандарға тігуге арналған құрал-жабдықтар мен 21 тігін машинасын табыс етті. Бұндағы басты мақсатымыз - зағип жандарымыз өздерінің кәсібін ашып, табыс тапса екен деген ниет», - деді қор директоры Қ.Қасабеков.

«Жайық» қоғамдық қорының төрағасы Данияр Қадырбеков қор басшылығына алғысын жеткізді.

«Ақ жайық өңіріне келіп мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жатқан «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына және ел ағасы Болат Әбішұлына зор алғысымызды білдіреміз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың негізгі мәселелерін қолдап, кәсіп бастауларына, шаруаларын дөңгелетуге мүмкіндік жасап отырғандарыңыз үшін Орал қаласының  әкімшілігі атынан,   тұрғындар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 2016 жылдың сәуірінде құрылған. Қордың жұмысы нақты әлеуметтік және қоғамдық проблемаларды шешуге бағытталған. Атап айтқанда, тағдыры тәлкекке ұшыраған балалар мен жасөспірімдерге арналған жобалар жүзеге асырылуда. Оған қоса, қор ай сайын Алматы қаласы және Алматы облысындағы аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаржылай қолдау көрсетеді және азық-түлікпен қамтиды. Бүгінгі таңда 130-дан астам аз қамтылған отбасы Қордың қамқорлығында. Қор жанында жұмыс істейтін «Береке үйі» пансионатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 30 бала тәрбиеленіп жатыр. Қоғамдық қордың қызметі туралы қосымша ақпаратты saliqaly.kz ресми сайтынан оқыңыз.