$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.01.2021, 11:54
Қоғам

Алматыда дәріхана иелері бұйрыққа бағынудан бас тартты

Дәріхана иелері ешқандай пайда таппайтынын айтады

Алматыда дәріхана иелері бұйрыққа бағынудан бас тартты
көрнекі фото

Алматыда дәріхана иелері коронавирусқа қарсы дәрілердің құнын төмендету туралы бұйрыққа бағынудан бас тартты. Күшіне енген құжатқа сәйкес, енді тізімдегі 200-ден астам препарат бағасы белгіленген соммадан аспауы тиіс. Фармацевттер мұны ақылға қонымсыз деп санайды, деп хабарлайды КТК.

Жеке меншік дәріхана иелері шекті бағаға түбегейлі қарсы. Өйткені ол кәсіпкерлерді шаш етектен шығынға батырады деп есептейді. Айтуларынша, тізімдегі дәрілердің тең жартысына тым төмен баға белгіленіпті. Министрліктің неге бұлай бекіткенін фармацевтер түсінбей отыр.

«Баға өте төмен. Біз алған бағадан 25 пайызға төмен. Қан-айналымына қатысты дәрі, оның қазіргі бағасы шектеулі 3360 теңге. Ал біз сатып алған бағамыз шамамен 4260 теңге», - дейді дәріхана қызметкері Мәдина Тұрысбекова.

Тізімде коронарусқа еш қатысы жоқ дәрілер де бар екен. Ал бүгін күшіне енген талапқа дәріхана иелері «бағынбаймыз» деп бекініпті. Яғни дәрі-дәрмек бағасын өзгеріссіз ұстап отыр.

«Шектеулі баға деген заңды алып тастағанын сұраймыз. Бұл бағаны қоюға нарық өзі реттеп береді. Біз ешқандай пайда көре алмаймыз. Онда жабылуға тура келеді», - дейді дәріхана қызметкері Ажар Абдуллаева.

Коронавирусқа қарсы препараттарға енгізілген шекті бағаның арты дәрі тапшылығына әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, олардың нарықтағы бағасы шекті бағадан асып түсетін дәріні дистрибьютордан сатып алуды доғаруына тура келеді. Сәйкесінше, тасымалдаушының өндірушіге тапсырысы азаяды. Сосын ұсыныс та бәсеңдейді. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер шекті бағаны бекітпес бұрын нарық жіті зерттелгенін айтады. Әрі бұл шара дәрі-дәрмектің тұтынушыларға қолжетімді болуы үшін қолға алынған.

«Бағаны мейлінше арзандату үшін маркетингке кететін шығын мен көтерме-бөлшек саудадағы құн төмендетілді. Шекті бағаның сақталуын тексеру кезінде әр жағдайды жеке қараймыз. Тек қана дәріханалар желісі емес, дәрі өндірушілер мен оны жеткізушілер де тексеріледі. Яғни шектік бағаны қалыптастыру үшін бәрін бақылауда ұстаймыз», - дейді ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Ботагөз Сыздықова.

Былтыр коронавирус күшейген кезде дәрі-дәрмекті бейберекет қымбаттатып жібергендер көп болды. Сөйтіп олар қомақты айыппұл арқалады. Бұйрыққа бағынбағандар бұл жолы да жазаланады. Ал жағдай бірнеше рет қайталанса, дәріхананың лицензиясыз қалуы әбден мүмкін.

Шекті баға енгізілгенде 200-ден астам дәрі шамамен 27 пайызға арзандайды деп күтілген. Бірақ, фамацевтер бұған қашан қол жеткізетініміз белгісіз екенін айтады. Дәріхана иелері құжатты қайта қарауды сұрап жауапты орындарға хат жолдаған.

Серіктес жаңалықтары