$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2021, 09:56
Қоғам

«Қара алтын» қайда кетті? Петропавлда көмір тапшы

Тұрғындар бұған саудагерлерді кінәлап отыр

«Қара алтын» қайда кетті? Петропавлда көмір тапшы

Петропавлда көмір тапшы. Тұтынушылар қоймалардан «қара алтынды» таба алмай сенделіп жүр. Сұраныс көбейгендіктен отынның бағасы да шарықтап кеткен. Үйін жылтудың басқа амалын таппаған тұрғындар көмірдің 25 келілік қабын 800 теңгеден сатып алуға мәжбүр. Расында өнім тапшы ма әлде саудагерлердің бағаны қымбаттату мақсатында өзара сыбайласып жасап отырған әрекеті ме? Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрген еді.

ҚОЙМАЛАР ҚАҢЫРАП БОС ТҰР

Қызылжар өңірін Екібастұз, Майқұба, Қаражыра мен Шұбаркөл сынды кен орындары көмірмен қамтамасыз етеді. Қысы қытымыр Солтүстік Қазақстан халқы негізінен Қаражыра және Шұбаркөл көмірін пайдаланады. Оның бағасы да қымбат. Тұтынушылардың айтуынша, арзанының сапасы төмен: дұрыс жанбайды, қалдық көп шығады, жылуды аз береді. Сондықтан қалтаны қағатынына қарамай, амалсыздан қымбатын сатып алуға тура келеді.

Петропавл қаласының тұрғыны Николай Петров екі қабатты үйде тұрады. Қыстан тоңбай шығу үшін орта есеппен 25 тонна көмір тұтынады екен. Биылғы қыс маусымы бірнеше күн бойы -30 градустық суығымен ерекшеленіп тұрғанын ескерсек, аталған көлем жетпеуі де мүмкін. Сондықтан ол «қара алтыннан» тағы да сатып алмақ ниетте. Алайда, күніге жүк көлігі бос қайтады.

«Мен қыс мезгіліне жазда дайындаламын, отын-көмірді ертерек қамдаймын. Қыс бойы 25 тонна көмір тұтынамыз. Оны бірден осынша көп көлемде алмауға тырысамын. Сапасы нашар болып шықса, қыс бойы қиналасың. Сондықтан тамыз айында 15 тонна көмір алдым. Қыста тағы бірнеше мәрте әкелемін. Бір жағынан шағын ғана қораға көп көмір сыймайды. Қыс соңына дейін тағы 10 тонна керек. Алып қояйын деп қоймаға бардым, көмір жоқ. Кезек көп. Тасымалдаушылар әдейі жасырып отыр деп ойлаймын. Бағаны көтеріп жіберіп, кейін сатады. Жасанды тапшылық жасап отыр. Көмір келген кезде қоймада нағыз дау-дамай болады. Таразыға қанша салып жатқандары да белгісіз. Асыққан халық не алып жатқанын, қанша көмір өлшеніп жатқанын да көрмейді. Сатып алмасқа тағы да амал жоқ. Саудагерлер ойына келгенін істейді», - дейді ол.

Жаз-күз мезгілдерінде көмірдің тоннасы 15 мың теңгеге дейін саудаланған. Баға жыл сайын көтеріледі. Қазір теміржол тұйықтарының бойындағы көмір қоймалары қаңырап бос жатыр. Жұмысшылар көмір іздеп келгендердің легі жиілегенін жасырмады. Бар тауар жарты күнде таусылып қалыпты.

«Көмірді қоймалардан лезде сатып әкетіп жатыр. Тұрғындардың апта бойы «көмір жоқ» дегені өтірік. Көмір кеше ғана болған. Тұтынушылардың өздері соңына дейін созып жүріп алады. Негізі отынды жазда әзірлеу керек. Көмір кеше ғана аяқталды. 500 тонна болған. Жарты күнде жоқ қылды. Теміржол іске қосылғанда тауар келеді. Боранға байланысты көлік қатынасы уақытша тоқтатылған болатын», - дейді Петропавлдағы көмір қоймаларының бірінің меңгерушісі Дмитрий Балагинин.

БІР ҚЫСТА 400 МЫҢ ТОННА КӨМІР КЕРЕК

Жергілікті билік өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы көмірге деген сұраныс 96 пайызға қамтылғанын алға тартты. Әкімдік мамандарының айтуынша, көмір тапшылығы уақытша ғана жалғасады. Жалпы өңір халқы қыс маусымында орта есеппен 400 мың тоннаға жуық «қара алтын» тұтынады екен.

«Аймақта көмір тапшылығы жоқ. Халықтың көпшілігі қыстық отынды қараша, желтоқсан айларында сатып алады. Бүгін ғана Петропавл темір жол станциясына Қаражыра кен орнынан 4 мың және Шұбаркөлден 700 тонна келді. Олар бірден қоймаларға жеткізіледі. Содан кейін сатылымға шығарылады. Осы уақытқа дейін әкімдікке ешкімнен арыз-шағым келіп түскен жоқ. Бұл мәселе біздің басқарма бақылауында. Жалпы, біздің өңірге жыл сайын шамамен 393 мың тонна көмір қажет. Бүгінде оның 366 мыңы жеткізілген. Сондықтан қыс мезгілінде қатты отынмен ешқандай проблема болмайтынына сенімдімін», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бексасов.

Станцияға келген көмірдің сатылымға не себепті шығарылмай тұрғаны күдік тудыратыны рас. Тұрғындар, қойма өкілдері мен шенеуніктің айтқан мәліметтері қабыспады. Петропавл қаласының тұрғыны Санат Есмағұловтың айтуынша, бір аптадан бері шаһардағы ең ірі 4 қойманы аралап жүр. Оларда Екібастұз бен Майқұба көмірін ғана ұсынады. Бірақ оның сапасы тым төмен. Сондықтан одан бас тартуға тура келеді.

«Көмір таба алмай жүргенімізге бірнеше күн болды. Майқұба мен Екібастұз көмірі ғана бар. Үйде әзірге қор жеткілікті. Көршімнің көмірі бітіп қалды. Амалы таусылғандықтан біздің үйден шелектеп тасып жүр. Бұлай жалғаса берсе бір айлық қорды екі аптада тауысатын түріміз бар. Көмір сататын бекеттер тауардың қашан түсетінінен бейхабар. Қыс қаһарына мініп тұр. Отынды әдеттегіден көп жағып жатырмыз», - дейді ол.

Көмір тапшылығы Қызылжарда жыл сайын қайталанатын проблемаға айналып кеткен. Сондықтан тұтынушылар қатты отын тапшылығын саудагерлердің келісімімен жүзеге асырылып отырған әрекетке балайды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары