$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2021, 11:02
Қоғам

Жалау ұстағандар челленджі: Жетісулықтардың патриотизмі Жетігенге дейін ғана жетті ме?

Аталған акцияға байланысты қоғам пікірі екіге жарылды

Жалау ұстағандар челленджі: Жетісулықтардың патриотизмі Жетігенге дейін ғана жетті ме?

Алматы облысында «Менің туым – Менің Отаным» деген атпен өткен республикалық шара қоғамда түрлі пікірдің тууына себеп болды. 10 қаңтарда атқа мінген бір топ адамның ту ұстап, тас жолмен келе жатқаны туралы бейнероликтер әлеуметтік желілерде тарай бастады. Онда аттылы кісілердің Алматы облысы Нарынқол, Кеген ауылдарынан екені айтылады. Әуесқой видеотүсірілімнен шеруді патрульдік полиция экипаждары бастап жүргенін байқауға болады. Ал, жолдың жиегінде жалау ұстаған халық шерушілер легін қолпаштап жүр.

Үш күннен бері мұндай видеолар есепсіз тарап жатыр. Бірақ, ресми ақпарат көздерінде бұл шараның қандай мақсатта ұйымдастырылғаны айтылмайды. Видеода қатысушылар мұның челлендж екенін хабарлап жатты. Алматы облысы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында да, аймақ басшысының идеология жөніндегі орынбасары Рустам Алпысбаевтың жеке парақшасынан да бұл шара жөнінде бір ауыз ақпарат таба алмадық.

Тиісінше әлеуметтік желі қолданушылары бұл шеруді сан-саққа жүгіртіп, қызу талқылады. Атқа мінген қандастырымыздың әрекетін отансүйгіштік деп бағалағандар да, керісінше мұны тағылық немесе күлкілі деп сынағандар да табылды.

«Патриотизм мұнымен күшеймес, жалау желбіреткен сыртқы жауға сес емес, керісінше күлкілі. Ту көтеріп шабар күннен сақтасын! Осындай оспадар идеялар қай идеологтың басынан шықты екен?!», - деп жазып жатты әлеуметтік желі қолданушылары.

«Арғымақ» сайтының бас редакторы Ержан Жаубай «Қазақ енді атқа мінген қазақтан да қорқатын болғаны ма?», деген тақырыпта мақала жазып, әлеуметтік желіде аталған шара туралы пікірін білдірген.

«Қыз Жібек» фильмінде Жібектің Бекежан мен Төлегенге, «Ер азамат, бір елдің өліп-талып көрген аз қызығын бір көш бойына жеткізбедіңдер-ау», - дейтіні бар еді ғой. Біздің елдегі кейбір азаматтарға да осы сөзді айтқымыз келеді. 30 жыл Тәуелсіздікте Көк туы өз қолына енді тиген қарапайым халықтың аз қызығын бір айға да жеткізбедіңдер ғой?!», - деп жазды журналист.

Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Алпысбаевқа хабарласып, аталған шара туралы ақпарат беруді сұрады. Шенеунік бұл шараның Алматы облысында жүріп жатқанын жоққа шығармады. «Менің туым-Менің Отаным» деп аталатын республикалық челленджді облыс әкімдігі қолдап отырғанын мәлімдеді. Ауыл тұрғындарының бастамасымен қолға алынған шеру Еңбекшіқазақ ауданынан жолға шыққан. Сосын шараға қатысушылар Талғар ауданының аумағын басып өтіп, Қапшағай қаласына қарай бет алыпты. Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Асқарбек Қазанғап бұл шара туралы редакцияға төмендегідей ақпарат жолдады.

«Еліміздің жастары патриоттық сезімде бастаған Көк байрақты көкте желбірету челленджі Талғар ауданында жалғасты. Эстафетаны Еңбекшіқазақ ауданынан келген колонна челленджге қатысушыларға табыс етті. Талғар ауданынан бұл челленджге ту көтерген 20-дан астам атты ер азамат пен ондаған көлік қатысты. Эстафетаны қабылдаған талғарлықтар ары Іле ауданына кетті. Жолдағы қауіпсіздікті қадағалау мақсатында полицейлер көліктерімен колоннаны бастап жүрді», - делінген аталған хабарламада.

Облыс басшысының идеология жөніндегі орынбасары патриоттық шара қатысушылары Қапшағай қаласына кіргізілмей тоқтатылғанынын айтты. Карантиндік шараларға байланысты колонна Іле ауданына қарасты Жетіген ауылына келгенде таратылған. Әкім орынбасары 14 қаңтар күні кештұрым челленджге қатысушылар үйлеріне кеткенін хабарлады.

Салтанат Оразбекова, Market Pro Consult орталығының әлеуметтанушы маманы:

- Челлендж бе, флешмоб па, әлде наразылық шарасы ма? Әлеуметтік желілерде жүрген хабарламаларға қарағанда, бұл Ресей депутаттарының Қазақстан жеріне қатысты пікірлеріне «жауап» сияқты. Бір жағынан халықтың көкейінде мемлекет көрші елдің саясаткерлеріне лайықты жауап бермеді деген қыжыл да қалды. Кейбір идеологтар «Менің туым – Менің Отаным» акциясын ойлап тауып, оны аймақ әкімдеріне тапсырған болып тұр ғой. Былайша айтқанда, «пар шығару» үшін ойластырылған шара деп топшыладым. Әйтпесе Орынборға басып кірейін деп жатқан ешкім жоқ. Жетігенге жеткенде желкесі қиылыпты. Осы екі ой әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатыр.

Бірақ екінші қырынан қарасақ, бұл акцияны адамдардың наразылығын білдірудің бір формасы деп қараған жөн. Егер қарасақ, ұлттық идея саясаты – біртұтастық, бірлік, еркіндік дегенмен ұштасып жатыр. Сондықтан бұл шара халықтың бірлігін көрсетіп отыр дегенге негіз болады. Екіншіден, оған шошитын акция деп қараудың қажет жоқ. Бір жағынан, мемлекет тарапынан да осының өтуіне ықпал бар сияқты. Байқасаңыздар ұлттық идея тоқсаныншы жылдары қатты көтерілді. Сосын қайта тұмшаланып қалды. Енді ол қайтадан жаңғырып жатыр.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Азаматтар өздері бірігіп істесе, ешкімге ығайсыздық келтірмесе, онда тұрған не бар? Қандайда бір кедергі келтірмейтін болса, жігіттердің осылай ұйымдасуында ешқандай орынсыз әрекет жоқ. Егер көліктен басын шығарып ысқырып, жол жүру ережесін бұзса, ол ұйымдастырушылардың қателігі болар. Алғаш ұйымдастырып жатқаннан шығар. Бірақ ұялатындай жағдайды мен өз басым көріп отырған жоқпын. Осыдан соң тағы ұйымдастыратын болса, бәлкім сабақ алу керек шығар. Атты азаматтарды көрсек, төл дәстүр, мәденитіміз деп қарау керек. Мысалы Қырғызстан, араб елдерінен осындай көрсек қымсынбаймыз ғой. Жекелеген адамдар эмоцияға салынып жат қылықтар жасаса, үлкендер жөнге салу керек. Өз патриоттық сезімін білдірген азаматтарды қатты айыптаудың қажеті жоқ.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы  

Серіктес жаңалықтары