Бес жастағы бала да ТikTok-та: Қазақстанда әлеуметтік желіге тіркелу жасы шектеле ме
Кейбір елдерде балаға 16 жасқа толған соң ғана, әлеуметтік желіге тіркелуге рұқсат етіледі
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Цифрлық кодекс жобасында әлеуметтік желіде тіркелу үшін балаларға жас шектеуі енгізіле ме деп сұрады. Құжат Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаззір Қазақстанда ТikTok пен Instagram-ды айтсақ, бес-алты жаста, тіпті ата-анаға ескертусіз, верификациясыз тіркелуге болады. Ал басқа мемлекеттер жас шектеуіне қатысты заң қабылдап жатыр. Мысалы, Данияда, Австралияда тіркелуге рұқсат жасы – 15-16 жас. АҚШ, Ұлыбритания, Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты керек, верификация қажет. Ал бізде Цифрлық даму министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің осы мәселе бойынша позициясы қандай? Заң жобасы аясында біз осы норманы қарастыра аламыз ба?», - деп сұрады Аймағамбетов.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жастар қазір расымен де әлеуметтік желіге еш кедергісіз тіркеле алатынын атап өтті.
«Алайда әлемдік үрдіс толық шектеу емес, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Яғни қолжетімділік сақталады, бірақ ол реттелетін форматта жүзеге асады. Бұл жағымсыз контентті шектеп, сонымен қатар дамуға және заманауи талаптарға сай болуға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады», - деп сендірді шенеунік.