ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1 480 адам коронавирус жұқтырды

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина Алматыда сынақтан өтіп жатыр. Оған қалай қатысуға болады?

Вакцина салдырған еріктілерге қомақты қаражат беріледі

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Осыдан жиырма шақты күн бұрын Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі басталған болатын. Ол еліміздің бірнеше қаласында қатар жүріп жатыр. Осы күндері Алматыдағы №4 емхананың аумағында да клиникалық сынақ өтіп жатыр. Мессенджерлер арқылы тарап жатқан хабарландыруды естіп, екпе жасатуға келіп жатқан алматылықтардың саны жеткілікті деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Азамат QazCovid-in екпесін сынақ түрінде алу үшін арнайы тіркеуден өту міндетті. Сосын бірнеше сатыдан тұратын скринингтен өту қажет. Оны емхананың кезекші дәрігерлері жүргізеді. Сынаққа қатысу үшін 6 ай мерзімде Сіз емханаға 5 рет келуге міндеттісіз. Зерттеу 1-ші күні екпе салынғаннан кейін 21-ші күн, 42-ші күн, 90-ші күн және 180-ші күні келіп қан сынамасын тапсырып, тексеріліп отыруға міндеттісіз. Ал вакцина екі рет егіледі: 1-ші күні және 21-ші күні.

Вакцина салдыруға келушілердің қарасы қалың. Олар тіркеуге келіп, өзінің жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетуі керек

Вакцина алмастан бұрын азамат ПТР-тест тапсырады. Дәл осы жерде көпшілік сүрінеді. Себебі коронавирус немесе коронавтрустық өкпе қабынуымен ауырған адам бірден анықталады. Ондай тұрығындар сынаққа қатыса алмайды

ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткендер кезекке тұрып, емхананың кезекші дәрігерлерінен тексеруден өтеді.

Вакцина салдыру үшін пациент бір апта бойы алкоголь ішпеуі керек. Екпе салдырған соң 6 ай көлемінде спирттік өнімдерді тұтынуға тыйым салынады.

Әйел адамдар жүкті болмауы тиіс және осы сынақ жүретін 6 ай мерзіме жүктілікті жоспарлауға болмайды.

Екпе алғандарға мемлекет 180 мың теңге көлемінде өтемақы береді.

Раиса Абдулла Алматы қаласындағы емханалардың бірінде санитар болып жұмыс істейді. Екпе туралы әріптестерінен естіп келгенін айтады. Алайда, ПТР-тест нәтижесі оның бұрын коронавируспен ауырғанын көрсеткен.


Фотосуретте Раиса Абдулла

Өздерін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ қызметкеріміз деп таныстырған мына екі кісі журналистерді вакцина салу алаңына кіргізбеді. Бірақ бұл аймаққа екпе салдыруға келген азаматтар еш кедергісіз кіре алады.

Институт қызметкерлерінің айтуынша, 25 желтоқсаннан бері Алматыда 1,5 мың адам сынақ түріндегі екпені алған. Бүгін сынақ алудың соңғы күні. QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінде 3 мың адамға екпе жасалады деп жоспарланған. 

Берік Хайроллин, вакцина салуға демеушілік көрсететін компанияның өкілі. Ол да сұхбат беруден бас тартты. Ол БҒМ Ғылым комитетінің рұқсатынсыз қандайда бір ақпарат беруге құлықсыз екенін айтты.


Фотосуретте Берік Хайроллин

Алматы қалалық №4 емхана аумағында өтіп жатқан сынақ жұмыстарына осы мекеменің медициналық персоналы тартылған. Бірақ емхана аумағында елдегі санитарлық талаптарға сәйкес әлеуметтік арақашықтық сақталмайтыны көрініп тұрды.

Серікхан Айдарбеков Алматы облысы Тұздыбастау ауылынан арнайы келген. Ол Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеуіне қатысатын болыпты. Ол қазір екпені салдырды. Бірақ екі сағат ішінде қайтадан келіп, дәрігерлерге көрінуге міндетті. Ешқандай ауырсыну байқалмаса, 21 күні қайтадан келіп, тағы бір рет екпе алады. Одан кейін алты ай бойы бақылауда болады.


Фотосуретте Серікхан Айдарбеков

Төлем қалай жүргізіледі:

  • 21-күні - 40 000 тг
  • 42-күні  - 40 000 тг
  • 90-күні - 40 000 тг
  • 180-күні - 48 000 тг

Ғалымдар QazCovid-in вакцинасын зертханалық сынаудың алғашқы екі кезеңі сәтті өтті деп мәлімдеген болатын. Оның қауіпсіздігі және иммунногендігі 96 пайызға тиімді екенін көрсеткен. Үшінші кезеңінде адамдарға салынып жатыр. Еріктілерге егілген вакцина ешқандай қауіп төндірмесе Жамбыл облысында салынып жатқан арнайы зауыт жылына 60 млн доза вакцина өндіруге кіріспек. Оның құрылысына 7 млрд теңге бөлінген. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы