«100 теңгенің дәрісі үшін 2 мыңға такси жалдаймыз». СҚО-дағы ауыл тұрғындары қоғамдық көлік сапасына шағымданды
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы – Петропавл қаласының дәл іргесінде орналасқан
Петропавл қаласының іргесіндегі Бескөл ауылы - «Санта-Барбара» (Қызылжар ауданының халқы солай атап кеткен – авт.) ауданының тұрғындары қоғамдық көлік қызметінің сапасына шағымданды. Мемлекеттік тапсырысты ұтып алған мердігер жаңа жылдан көлік қозғалысына өз тәртібін енгізген. Бұған дейін аталған ауданға әр сағат сайын қатынайтын 101-ші автобус енді екі сағатта бір жүрсе, сенбі, жексенбі күндері мүлде тоқтап қалады. Бұл әрекетімен мердігер компания шығынан азайтып, табысын арттырғысы келгені анық. Ал автобус күткен жолаушы Қызылжардың қақаған қысында аялдамаларда сағаттап бүрсең қағуға мәжбүр.
«ЖОЛ ЖАҚҚА ҚАРАЙМЫН...»
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы – Петропавл қаласының дәл іргесінде, небәрі 8 шақырым қашықтықта орналасқан. 14 мыңға жуық халқы бер елді мекен тұрғындарының дені облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. 101-ші автобус қыруар халыққа қызмет көрсетіп отырған жалғыз қоғамдық көлік. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Әкімдікке талай шағымданған халық қыстың қақаған аязында автобустар санын азайту – ақылға сыйымсыз әрекет екендігін айтады.
«Бізге шағын ғана автобус келеді. Жолаушылар сыймай қалады. Оның өзінде қатынас интервалын 2 сағат етіп тастады. Бірінен қалсаң, екіншісі келгенше жарты күн өтеді. Көлік суық. Аялдамада тұрып әбден жаурап, автобусқа мініп, одан әрі тоңамыз. Суықтан терезелердің бәрін қырау басқан. Қай жерде келе жатқаныңды да білмейсің. Кондуктор жоқ. Кейде аялдамадан асып кетесің. Такси қызметінің ақысы қымбат. Амалсыздан пайдалануға мәжбүр боласың», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Қайни Мүсенова.
КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ КҮНДЕ БҰЗЫЛАДЫ
«Санта Барбара» - жаңадан бөй көтеріп келе жатқан аудан. Бүгінде 3 мыңға жуық тұрғыны бар. Жалпы Бескөл халқының 30 пайыздан астамы осында тіркелген. Тұрғындардың көпшілігі облыс аудандарынан қоныс аударған. Барлығы дерлік жер телімін сатып алып, үй тұрғызған. Аталған ауданда мектептен басқа ешқандай әлеуметтік нысан жоқ. Оның өзі биылғы оқу жылында ғана ашылған болатын. Сондықтан көпшілік Петропавл қаласы мен Бескөлдің басқа аудандарында жұмыс істеуге мәжбүр. Қоғамдық көлік проблемасы барын білген такси жүргізушілері де тарифті қымбаттатып жіберген.
«Автобустың қай уақытта шығатынын білмейміз. Келгісі келгенде ғана келетін сияқты. Балаларға жиі суық тиеді. Екінші күні сабақтан қалады. Бескөлдің дәрігерлері балаларды жоспарлы қабылдауға шақырады. 3 шақырым жерге баламен қалай жетесің», - дейді ызаланған Сара Ғабдулина.
Жолаушылар қоғамдық көлікте карантиндік талаптар туралы айтудың өзі қиын екендігін айтады. Бір-бірін итермелеп, сығылысқан халық. Олай етпесе, күні бойы аялдамада тұруға мәжбүр.
«Орталықта автобус араға 15-20 минут салып жүреді. Ал бізде 1,5-2 сағаттап жоқ болады. Бірінен қалсаң, такси шақырасың. Сондықтан ерте шығуға мәжбүр боласың. Дұрыс аялдама да жоқ. Ық болатын. Суықта жастар тоңады. Жұмысқа бау керек, амал жоқ. Ауылдың бір шетінен екінші шетіне дейін 5 шақырым жүру керек. Кешке тіпті қиын. Қараңғы түседі. Боран болады. Ал біздің мәселеге құлақ асып жатқан әкімдік жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Күләш Қызбекенова.
Ауданда дәріхана, шаштараз сынды нысандар да жоқ. Сондықтан автобус пен такси қызметін жиі пайдалануға тура келеді. Тұрғындар кейде қажет болған кезде 100 теңгенің дәрісі үшін 2 мың теңгеге такси жалдауға тура келетінін айтады.
«Мердігер компаниямен бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Интервалды 15 минутқа дейін қысқартуды сұрадық. Ауылдық округ әкімдігі қолдан келгенін істеп жатыр. Қызмет көрсетуші компания «Санта-Барбараға» көп көлік жіберу тиімсіз екенін айтып отыр. Шығынды өтемейтін көрінеді», - дейді Қызылжар ауданы Бескөл ауылы әкімінің міндетін атқарушы Алексей Юргель.
Ал «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова автобустар жетіспейтінін айтады.
«Тек таңертен және кешке қатынап жүретін ауыл тұрғындары үшін 1,5 сағаттық интервал жарайды. 101 бағыт Бескөлден Петропавлға қатынап жүр. Маршрутта 9 автобус бар. Олардың арақашықтығын 15-20 минутқа дейін қысқарту мүмкін емес. Бізде автобустар жетпейді», - дейді Галина Семенова.
Қоғамдық көлік – «Санта-Барбара» тұрғындарының басын қатырған жалғыз мәселе емес. 3 мыңнан астам халқы бар ауданда тұрмыстық қалдықтарды тастайтын контейнер де жоқ. Халық жақын маңдағы орман қоқыс полигонына айналып бара жатқанын айтады. Тек жағымсыз картина жақын күндері қалың түскен қармен жабылған. «Санта-Барбара» ғана емес, жалпы Бескөл ауылында тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Көлігі барлар қоқысты көршілес жатқан Бәйтерек ауылының жанындағы орманға апарады. Жаз айларында қалдық өртенеді. Жағымсыз иіс пен экологияға келтірілген зиян жайы айпаса да түсінікті.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО