ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

СҚО-да боранды күні далада қалған жолаушылар құтқарылды

Қолайсыз ауа райына байланысты өңірде барлық бағыттағы жолдар жабылды

Солтүстік Қазақстан облысында боранды күні көлігі бұзылып, далада қалған жолаушылар құтқарылды. Қолайсыз ауа райына байланысты өңірде барлық бағыттағы жолдар жабылды.

Арнайы бекеттерден жедел қызмет көліктеріне ғана өтуге рұқсат етілген. Қатты бұрқасын салдарынан жолдарды қар басып қалған. Коммуналдық қызмет жолдарды тазалап үлгермей жатыр.

«Жүргізушілерді жолға шықпауға шақырамыз. Қазіргі уақытта СҚО бойынша Төтенше жағдайлар департаменті қызметінің мәліметіне сәйкес, облыстық маңызы бар автожолдарда 100-ден аса арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Республикалық маңызы бар автожолдарда 15 автопатруль мен 1 патрульдік бекет қызмет көрсетуде. Қазір ресми мәлімет бойынша қала сыртындағы жолдарда қалған автокөлік жоқ. Мұндай ауа райы кезінде жолға шығу қауіпті», - дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Григорий Тыш.

Қызылжар ауданында жолда тұрып қалған автокөліктегі жолаушылар құтқарылды. «ВАЗ-2104» көлігі қар құрсауынан шыққанша қозғалтқышының ремені үзіліп, аккумулятор қуаты таусылған. Жүргізуші «112» арнасына қоңырау шалған. Жолаушыларды Берёзовка селолық округінің учаскелік инспекторы құтқарып қалған.

«Айта кететіні, соңғы уақытта жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің көмекке келуі жиілеген. 11 қаңтар кешке патрульдік полиция Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолында қалып қойған «ГАЗель» автокөлігін сүйреп жеткізген. Полицейлер жол ашылғаннан кейін жолға шығар алдында көліктің жүру жарамдығына көз жеткізіп, тросс, жылы киім алып, телефоны қосулы болуы үшін қуаттандыру тетігі болу керектігін еске салады», - деді подполковник.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО