Елорда «қызыл» аймақта: мерекелік демалыста сауда үйлері жұмыс істей ме?
Нұр-Сұлтананың бас мемлекеттік санитар дәрігері жағдайды түсіндірді
Коронавирустың таралуы бойынша Нұр-Сұлтан әлі де «қызыл» аймақта. Өткен тәулікте қала бойынша КВИ 47 адамнан анықталды. Осыған байланысты қаланың бас санитар дәрігері елорда тұрғындарын демалысты үйде өткізуге және адам көп жиналған орындарға бармауға шақырады.
«Қаладағы жағдай күрделенбеуі, қатаң шектеулерді қабылдамау үшін, осы күндері үйде болу, адам көп жиналатын орындарға бармау және үлкен жиындар өткізбеу керек. Жағдай тұрақтанбаса шектеу шаралары күшейтіледі. Барлық тұрғындарды санитарлық нормаларды, карантин режимін қатаң сақтауға шақырамыз. Карантин тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған», - деді Нұр-Сұлтананың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева.
Сауда орталығына, дүкендерге барған кезде маска тағу тәртібі мен арақашықтықты қатаң сақтау, санитайзер қолдану керек. Айта кетейік, сауда үйлері мерекелік демалыс - 16, 17, 18 желтоқсан күндері әдеттегідей, 19 желтоқсанда сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Қарапайым нормаларды сақтау арқылы өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығын сақтаймыз. Коронавирус жасқа қарамайды, динамика көрсеткендей, науқастар арасында созылмалы аурулары жоқ жастар да бар. Емделіп шыққандар да коронавирустан толық айықпайды. Инфекция өкпеге ғана емес, бүйрекке, бауырға, жүрекке және миға да әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар өкпеде тіндік фиброз түріндегі ошақтар пайда болады. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін сіз қауіпсіздік шараларын сақтауыңыз керек», - дейді Жанна Пірәлиева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 10 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл» аймаққа кірді. Ауру барлық жастағы тұрғындар арасында анықталып жатыр.