ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 804 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

НеМолчи: Отбасылық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына кім қарсы?

Қор жетекшісі заңды қатаңдатпауды қолдайтын лоббилік топтардың барын айтады

Фотоколлаж

Қазақстанда әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуға байланысты петиция жүріп жатыр. Өткен екі тәулікте электрондық жүйемен жүргізілген қол жинау акциясына 75 мың адам қатысып, қол қойған. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне «Не молчи KZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова айтты.

Әлеуметтік желілердегі «Немолчи KZ» парақшасында пайда болған үндеу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданды. Хатта Қазақстан әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылықтың тоқтатылуы тиіс екендігі, ал арнайы заң жобасын жасап жатқан жұмыс тобы әйелдерді қорғауға байланысты өзгерістерді қолдауы керегі туралы айтылады.

«Өтініш, Қазақстан әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатайық! Біз, төменде қол қоюшылар Қазақстан Республикасының Президентіне, ҚР Парламентіне, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша ҚР Парламенті жанындағы жұмыс тобының мүшелеріне үндеу тастаймыз. Төмендегі статистикалар елде әйелдерге деген тұрмыстық қысымның артқанын дәледейді», - делінген үндеуде.

2020 жылдың 11 айында әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық статистикасы («Не молчи KZ» қоғамдық қоры ұсынған):

  • Кісі өлтіру – 128 жағдай;
  • Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 372 жағдай;
  • Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру – 327 жағдай;
  • Ұрып-соғу – 6 781;
  • Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 13 481;
  • Отбасылық тұрмыстық зорлық бойынша құқықбұзушылықтар – 23 518;
  • Берілген қорғау нұсқамалары – 73 335;
  • Озбырлардың мінез-құлқына ерекше талаптар қою бойынша сот шешімі – 9 235 жағдай тіркелген.

«Бұл отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқықбұзушылықтар туралы ресми мәліметтер. Ал тағы  қаншама әйел үнсіз жүр, қаншама адам өзінің құқығы мен заң аясында қорғану туралы заңдардан бейхабар. Зардап шеккен 10 адамның ішінен #НеМолчиKZ сенім телефонына түскен өтініштердің мәліметтері бойынша тек екеуі ғана қорғау ұйымдарының не екенін біледі. Қалғандары үнсіз қалады. Қазақстанда күніне отбасылық кикілжіңге қатысты 550 арыз келіп түседі. Сондықтан, қазір Қазақстан Парламенті жанындағы жұмыс тобында қаралып жатқан заңды қатаңдату туралы талаптарымызды айтып жатырмыз. Мен осы жұмыс тобының мүшесімен. Бірақ отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейтуге қарсы шығып жатқан лоббилік топтар қатты жұмыс істеп жатыр», - дейді Дина Смайылова.

ҚР ІІМ құқықтық статистика дерегіне сүйенсек, жынысына қарай жасаған қылмыстардың тек 0,1%-ын әйелдер жасаған. Отбасылық-тұрмыстық негіздегі барлық қылмысты алып қарағанда әйелдердің үлесі 1,4%-дан аспайды. Сондықтан Үкімет әйелдерге қатысты күнсайынғы зорлық-зомбылыққа назар аударып, оның бар екенін мойындамаса, әйел құқығын қорғау жөнінде пәрменді шаралар қолданылмайды.

«2020 жылдың қаңтарынан бастап «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға енгізілген өзгерістерге орай, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін айыппұлдар алынып тасталды, енді агрессорларға ескерту ғана жасалады. Іс жүзінде озбыр еркек кесірінен отбасы мүшесінің қолы, қабырғалары сынуы мүмкін, миы шайқалуы мүмкін. Бірақ зардап шеккен адам ауруханада 21 күннен аз уақыт емделсе, онда бұл жарақаттар денсаулыққа жеңіл зиян деп саналады. Заңның 73-1 бабында агрессорға жазаның тек екі түрін қолдануға болады: ескерту немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу. Қазақстанда қоғамдық орындарда қоқыс тастағандар немесе тыныштықты бұзғандар қол мен қабырға сындырғандардан гөрі қатаң жазаланады. Әйелге жәбір көрсеткен еркекке берілетін жаза түрі өте жеңіл», - дейді Немолчи KZ» қорының басшысы.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда отбасылық кикілжіңге қатысты күніне 500-ден аса шағым түседі – «Не молчи»

Биыл 8 айда ҚР ІІМ-іне тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар 130 мың арыз тіркелген. Оның ішінде тек 2,5 мың қылмыстық іс қозғалып, 30 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Ал қалған 100 мыңнан астам дерек бойынша жәбірленушілер арыздарын кері қайтарып алған. Бұл туралы жақында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мәлімдеген болатын.

Ал министр Ерлан Тұрғынбаев биыл шілде айында халық алдындағы есептік жиында отбасылық кикілжіңнің осы кезеңмен салыстырғанда 25%-ға артқанын мәлімдеген. Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдайға орай дағдарыс орталықтарына түсіп жатқан қоңыраулардың да көбейгенін тілге тиек еткен еді.

«Министрлік өкілдері жоғарыдағы деректерді келтіргенде, зорлық-зомбылық көргендердің үштен бірі ғана полицияға жүгінетінін айтты. Біз өзіміз бұл сандарға қарап отырып, отбасындағы кикілжіңнен зардап шегетіндердің статистикасын жасадық. Ол шамамен 630 мың әйелдің зорлық-зомбылықтан жапа шегетінін көрсетті. Осындай отбасында 2,5 млн баланың тәрибеленіп жатқанын есепке алу керек.

Қазір «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды қатаңдатпауға күш салып жатқан лоббилік топтар бар. Олар қазір әлеуметтік желілер арқылы шабуылды күшейтті. Біздің қорды айыптап, қаражат тауып отыр дегендер де көбейді. Оның артында салалық министрліктің тұрғаны мен үшін белгілі. Егер заң қабылданса, жаңағы мен айтқан 600 мыңнан астам әйел өз құқығын қорғауға шығады. Бұл қаншама қағаз, қаншама қосымша ауыртпашылық. Ол құқық қорғау органдарының, соның ішінде прокуратураның жұмысын ауырлатады. Сондықтан желдің қайдан есіп тұрғанын аңғару қиын емес», - дейді ұйымның жетекшісі.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы