Атырауда бір апта ішінде 9 бала итке таланған: қабаған ит иелері жауапқа тартылады

Атырау полициясы тұрғындарға айыппұл қарастырылғанын ескертті

Атырауда бір апта ішінде 9 бала итке таланған: қабаған ит иелері жауапқа тартылады
фото: azh.kz

Атырау облысында 15-22 қазан аралығында - бір апта ішінде 9 баланы ит қауып алған. Бесеуіне бұралқы иттер шабуылдаса, үшеуі көршісінің итінен зардап шеккен. Ал бір баланы өз иті қауып алған. Зардап шеккендердің бәрі жеңіл жарақат алған. Бұл туралы azh.kz хабарлайды. 

Жақында қала маңында екі жасар баланы ит талап, бас және қол жарақатымен ауруханаға түскен еді. Бұл Атырауда өз үйіндегі иттің адамға шапқан жалғыз фактісі емес. Осыған байланысты Атырау полициясы тұрғындарға үй жануарын асырағанда, оларды серуендету мен ұстаудың барлық ережесін қатаң сақтай отырып, жауапкершілік танытуға шақырады. Әкімшілік кодекстің 408-бабына сәйкес ережені бұзғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

Атырау облысында жыл басынан бері үй жануарларын ұстау және серуендету ережесін бұзған 700-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.