Оралда тойға жиналған 60 шақты адам тексеру барысында асығыс «қаша» бастады

14 қарашада тексеру барысында карантин талаптарын бұзған 5 жағдай тіркелді

Оралда тойға жиналған 60 шақты адам тексеру барысында асығыс «қаша» бастады
Скриншот: YouTube

Құрамына қалалық әкімдік пен полиция өкілдері енген арнайы мониторинг тобы Орал қаласында тексеру жүргізді. Қалалық әкімдікте бөлім басшысы Асылан Жармұхановтың айтуынша, 14 қарашада тексеру барысында карантин талаптарын бұзған 5 жағдай тіркелген.

«Қоғамдық тамақтану орындарында 1 жағдай, термометрияның жоқтығы және әлеуметтік қашықтықтықты сақтамау бойынша дүкендерде 2 жағдай және адамдар көп жиналған 2 отбасылық шара тіркелді», - деп хабарлайды Асылан Жармұханов.

Мәселен, қаладағы «Айбат» мейрамханасында ұйымдастырылған отбасылық шараға 60-қа жуық адам жиналған. Сондай-ақ тексеру барысында тойға жиналған меймандар нысаннан асығыс «қаша» бастаған.

Тағы бір карантин талаптарын бұзған оқиға Некрасова, 47 мекенжайындағы коттеджде тіркелді. Ол жерде ұйымдастырылған басқосуға 30 шақты адам жиналды.

«Барлық факт тіркеуге алынды. Материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді», - дейді Асылан Жармұханов.

БҚО әкімінің айтуынша, өңірде карантиндік шектеулерге қарамастан, тұрғындар адам көп жиналатын шаралар ұйымдастыруын тоқтататар емес. Карантин талаптарын бұзушылар тек кафе мен мейрамханаларды емес, сондай-ақ коттедждерді де жалға алады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.