Көкшетаулық кәсіпкер әйел ешкі сүтін толық циклде өңдейтін цех ашты
Ешкі сүті аурудың сан түріне шипа дейді ол

Ешкі сүтінің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін айтып жатудың өзі артық. Ғалымдар оны сәби үшін ана сүтін алмастыра алатын бірден-бір азық екенін де дәлелдеген. Ал, кеше коронавирустық пандемия басталған тұста ел тұрғындары саумалмен бірге осы ешкі сүтін жаппай сатып алып жатты. Өйткені, оның құрамындағы пайдалы дәрумендер иммунитетті күшейтетін қасиетке ие.
Көкшетаулық Гауһар Киркаева болса сүтке сұранысты ұтымды пайдаланып, өзінің шағын кәсібін ашып алған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген бизнес-тренингке қатысқан ол 555 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, оған қажетті құрал-жабдықтарын сатып алыпты. Кәсіпкер әйел тек ешкі сүтін сауып сатпай, одан ірімшік жасауды да жолға қойған.
«Ешкінің сүтін кәсіпке айналдырамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Дегенмен, бұрынғы хобби қазір отбасымды мол табысқа кенелтіп отыр. Бұл идея күйеуім Бекжанның бұрыннан арманы еді. Канада, Германия және басқа да дамыған елдерде болып келген оның осы ешкі сүтінен өнім алуға құлшынысы артты. Сөйтіп, елордадан голландиялық «зааненское» дейтін асылтұқымды ешкілер сатып алып өсіре бастадық. Ешкі тез көбейетін мал ғой, қазір сауынды ешкінің өзі 25 басқа жетті. Одан бөлек, тағы 25 лағы мен шыбышы бар. Жазда күніне 40-45 литрге дейін сүт ала бастадық. Жұбайымның кәсібіне қызығушылығы мені де осы істі одан әрі кеңейте түсуге итермелей бастады. Сөйтіп алғашқыда хобби болған кәсіп кейін келе үлкен табыс әкелетін бизнеске айналды», - дейді Гауһар Киркаева.
Бизнестің көзін табу үшін кәсіпкер әйел «Бизнес-Бастау» жобасы аясында онлайн-тренингке қатысқан. Мұнда ол бизнестің қыр-сырын үйрендім дейді.
«Онлайн оқу өте қолайлы. Үйдегі шаруаларды жайғастырып, оқуыңа да үлгересің. Бір айға жуық арнайы курстан өтіп, бизнес-жоспарымды да жасадым. Курс соңында офлайн түрде тестілеуден өтіп, сертификат алып шықтым. Сондай-ақ, бизнесімді өркендету үшін 555 600 теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Оған ешкі сүтін сақтайтын тоңазытқыш пен ірімшік жасауға қажетті құрылғы сатып алдым. Қазір ешкі сүтінен табиғи өнім шығарып, оны сатып жатырмын», - дейді кәсіпкер.
Гауһар мен оның жолдасы тек сүттің өзінен 15 түрлі өнім жасап шығарып отыр. Тауар өтпей қалып, ысырап болған кез есімде жоқ дейді ол.
«Қазір ешкі сүтінен сүт, қаймақ, айран, қоспа, ірімшік, брынза, йогурт, құрт сияқты 15 түрлі өнім шығарып жатырмыз. Негізінен тапсырыс беріп, үйден алып кетіп жатады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлермен дүкен сөрелеріне орналастыруға да келісім жасастық. Ешкілерді арнайы аппаратпен сауып алып, құрылғыға құйып аламын. Мұнда қажетті температураға қою, ірімшік және басқа да өнімдерді әзірлеу процесі өтеді. Одан ары жұмысты өзім қолмен істеймін. Дайын болған соң тоңазытқышта салып сақтаймын», - дейді Гауһар Киркаева.
Еліміздің солтүстік өңірлерінде негізінен сиыр сүтіне сұраныс мол. Сондықтан алғашында ешкі сүтінен бизнес ашуда қорқыныш болғанын кәсіпкер әйел жасырмайды. Алайда, табиғи таза өнім барын естіген жұрт оның үйіне ағыла бастаған.
«Үйді іздеп келетіндер көп. Ақшасына сатып алса да алғысын айтып жатады, өйткені қазір табиғи таза өнімге халық тарапынан сұраныс шынымен жоғары екен. Мұны көргеннен кейін біздің шабытымыз ашыла түсті. Өнімнің санына да, сапасына да жұмыс істеп жатырмыз. Кешегі маусым-шілде айларында коронавирус шарықтау шегіне жеткенде клиенттер саны күрт артты. Иммунитет көтергісі келетіндер, емізулі баласы бар аналар, асқазаны мен бауырында ауруы бар науқастар ешкі сүті мен ірімшігіне тапсырысты көптеп берді. Ал, сүттен алынған іркіт пен сары суы қант диабетімен ауыратындарға пайдалы екенін дәрігерлер айтып жүр. Оны да сұрап келетіндер қатары өсті.
Қазіргі уақытта менің тұрақты тұтынушыларымның саны күн санап артып келе жатыр. Әсіресе, дертіне дауа іздеп шалғай ауылдардан да арнайы іздеп келетінін жиі байқап жүрміз. Сондықтан, ешкі сүтінің өнімдеріне науқастанған жақындарын емдеу үшін тапсырыс беріп жатқан көпшіліктің сұранысын қанағаттандыруға барынша тырысып жатырмыз. Бұл да болса ешкі сүтінің түрлі ауру-сырқауларға шипалық қасиеттерінің жоғары болғанынан ба деп ойлаймыз. Тұтынушыларымыз да бізге шынайы ризашылықтарын ылғи білдіріп жатады. Бұл бізге өз ісімізді одан әрі дамыта түсуге күш-қуат береді», - дейді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер.
Қазір Гауһар Киркаеваның сүт өнімдері Көкшетаудың үш дүкенінде, сондай-ақ әкімдік өткізетін ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесінде сатылады. Қазір ерлі-зайыптылар бизнесті кеңейту жолдарын қарастырып жатыр. Келер жылдың көктемінде сүт блогын қойып, жұмысқа технологтар мамандарды аламыз дейді. Одан кейін шағын бизнесті ірі кәсіпорынға айналдыру жоспарында бар.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы