Мбаппе, Винисиус, Беллингем Алматыда мүгедек баланың арманын орындады (ВИДЕО)
Олар бүлдіршіннің жейдесіне қолтаңбасын қойып, бірге суретке түсті

«Реал» командасының жұлдызды ойыншылары Алматыда Санжар есімді мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіннің арманын орындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мадридтен келген ұжым Алматыда жаттығу алдында арбаға таңулы бүлдіршіннің жейдешесіне қолтаңбасын қойып, балақайдың бұрыннан келе жатқан арманын орындады.
Оқиғаның видеосын «Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында жариялады.
«Бүгін мен өзінің сүйікті командасын, әсіресе Килиан Мбаппені көруді көптен бері армандаған Санжарды Реал Мадрид жаттығуына шақырдым. Санжар өзінің кумирімен кездесіп қана қоймай, бүкіл командамен көрісті: ойыншылар оны жылы қарсы алып, суретке түсіп, қолтаңба берді. Бала үшін бұл өмірінің соңына дейін есте қалатын сәт болады.
«Қайратта» біз спорттың барлығына қолжетімді болуы үшін жүйелі жұмыс жүргіземіз. Әріптестеріміздің арқасында алдағы матчта жанкүйерлермен бірге трибунада пара-спортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар қоғамдастықтың өкілдері болады.
Футбол және маңызды оқиғалар баршаға ашық болуы керек. Бұл біздің миссиямыздың бір бөлігі және біз спорт арқылы ешкім өзін тыс қалдырмайтын кеңістік жасай алатынымызға қуаныштымыз», - дейді Қайрат Боранбаев.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде 30 қыркүйек күні Алматыда «Реал» Орталық стадионда «Қайратпен» кездеседі. Матч жергілікті уақыт бойынша сағат 21:45-те басталады.