Алматыда 150 адамға арналған «Қыз ұзату» тойы тоқтатылды
Алматылықтарға қауіпсіздік шараларын бұзғаны үшін айыппұл салу жалғасуда
Алматыда 150 адамға арналған «Ұзату тойы» тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланың мониторингтік топтары 15 нысаннан жұмыс режимінің бұзылуы, бетперде режимінің сақталмауы сынды заңбұзушылықтарды анықтады.
«Алматыда санитарлық-эпидемиялық шаралардың сақталуын бақылау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Алматы қаласы бойынша аудандық әкімдіктер, жергілікті полиция қызметі, "Атамекен" ҰКП өкілдерінен құралған 32 мониторингтік топ ұйымдастырылды.
2020 жылғы 9 қарашада мониторингтік топ бақылау шараларын жүргізді, барлығы 55 нысан қамтылды, 15-інен заңбұзушылықтар анықталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қала тұрғындары адамдар көп жиналатын салтанатты іс-шараларды өткізуді доғарар емес.
«Мысалы, осы жылғы 8 қарашада Бостандық ауданының мониторингтік тобы Алматы қаласы, Алма-Арасан 13 мекенжайы бойынша орналасқан «Хан Сарайы» мейрамханасында жаппай іс-шараны (қыз ұзату) анықтап, жолын кесті, шара қонақтарын сағат 15:40-та шығарды. Тойда адамдардың жалпы саны 150 адам болды, қонақтарға Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің қаулы нормалары жеткізілді. ЖПҚ "Хан Сарайы" банкет залының меншік иесінен түсініктеме алынды және кейіннен тиісті шаралар қабылдау үшін баянат жасалды», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада .
Заңды тұлғаларға қатысты анықталған заңбұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес шаралар қабылданады.
Естеріңізге сала кетейік, шектеу шаралары мен санитарлық ережелерді жүйелі түрде (2-3 рет) және қасақана бұзу фактілері анықталған жағдайда материалдар ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша құқық бұзушыларды тарту және сотқа беру үшін іс қозғау үшін аумақтық прокурорларға берілетін болады.