Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасы мәселелері талқыланды
Адам құқықтары мәселелерін талқылау жөніндегі жұмыс тобының онлайн кездесуі өтті
ҚР Әділет министрлігінің алаңында онлайн-форматта адам құқықтары мәселелерін талқылау жөніндегі жұмыс тобының кездесуі өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі Уильям Мозер, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Қожаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Әукенов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов қатысты.
«Арнайы кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, қатысушылар адам саудасына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады», - делінген хабарламада.
Кездесуге қатысушылардың барлығы адам құқықтары мен бостандықтарын, отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.