$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2020, 18:07
Қоғам

Жалақысын ала алмағаны үшін жаңа жолды қопарған жұмысшылар жұмыстан қуылды

Мердігер компаниядағылар жалақыны ешқашан кешіктірмегенін айтып, ант-су ішті

Жалақысын ала алмағаны үшін жаңа жолды қопарған жұмысшылар жұмыстан қуылды

Алматыда аулаға жаңа төселген асфальтты қопарып жатқан жұмысшылардың видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Мердігер компанияның басшысы оларды түгел жұмыстан қуды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Видеороликте жолды бұзған ер азаматтардың бірі жалақысын ала алмай жүргенін айтып, сол үшін осындай қадамға барғанын мәлімдейді. Алайда, оларды жалдаған компания басшысы еңбекақы бұрын-соңды мүлдем кешікпеген, уақытында төленіп келген деп ант-су ішіп отыр. Тек соңғы айдың айлығын жұмыстың сапасыздығына байланысты төлемедім дейді.

«Кешегі жағдай бойынша айтарым, жұмысшылар асфальтты дұрыс төсемеген. Сондықтан біз тротуарды қайта жасаңдар деп ескерту жасадық. Ол үшін қайтадан жалақы төлемейміз, себебі материал артық жұмсалды. Қопарып тастаған асфальттың шығыны – 300 мың теңге. Олардың айлығынан 30 мың теңгеден қысқартылды. Жұмысшылардың 200 мың теңге айлығымызды бермеді, өздері 40 млн теңгеге үй алып жатыр дегені – дезинформация. Олардың айлығын төлеп, кеше жұмыстан шығарып жібердік. Әлеуметтік желіге шыққан ақпарат жалған. Бізде барлық құжаттар бар, біз оларға апта сайын ақша төлеп отырдық. Біз жақтан ешқандай кедергі болмады. Бірақ, оларға осы жер учаскесі үшін ақша төлемейміз. Себебі, асфальт ысырап болды. Біз олардың айлығынан 30 мың теңгеден ұстап қалдық. Негізі 50 мың теңгеден ұстауымыз керек еді, бірақ олардың отбасы, балалары болған соң ақша көлемін азайттым», - деді «ПМК-К7» компаниясының өкілі Дария Ыдырысова.

Алматының Әуезов ауданына қарасты Мамыр-3 шағынауданындағы аулаларды абаттандыру жұмыстары шілде айында басталған. Ал тұрғындардың сөзінше, мердігер компания қыркүйекте бітіруі тиіс жұмысты әлі созып келе жатыр.

«Олар қыркүйекте бітіреміз деп уәде берді, бірақ жұмыс әлі бітпеді. Адамдар жұмысты қолмен немесе күрекпен істейді. Бетон араластырғыштары жоқ. Енді еңбек өнімділігі қандай болуы мүмкін екенін елестетіп көріңіз. Тракторлар ешқашан жұмысшыларға берілмеген. Бұл жұмысшылар ыстық-суық, демалыс күндері де үнемі қолмен жұмыс істейтін. Мен атқарылған жұмыс үшін мердігер оларға жалақы беруі керек деп санаймын. Кеше келеңсіздіктен соң оларды қуып жіберіпті. Бірақ жұмыс әлі біткен жоқ. Ертең 1 қазан, ал мердігерлер ауланы абаттандыру жұмыстарын әлі аяқтамады», - деді Мамыр-3 шағынауданының тұрғыны Насиха Кенжина.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары