Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сот талқылауы аяқталды
Прокурор Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сот талқылауы аяқталды. Прокурор экс-банкир Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Алматы қалалық Алмалы аудандық сотының баспасөз қызметі.
Мемлекеттік айыптау кінәні жеңілдететін мән-жайлар ретінде Ертаевтың кінәсін мойындағанын, қылмыстық істі тергеуге ықпал еткенін, залалды ішінара өтегенін, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың әкесі екенін ескерді.
«Прокурор 11 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны түпкілікті тағайындауды, мүлкін тәркілеуді, материалдық жауапкершілікке байланысты коммерциялық және қаржылық қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыруды, жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді сұрады», - деп хабарлады сотта.
Bank RBK басқармасының экс-төрағалары Игорь Мажинов пен Марпа Жақубаева үшін, сондай-ақ Qazaq banki бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим үшін мемлекеттік айыптау 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны сұрады.
Бақыт Ибрагим кінәсін мойындап, қылмыстық істі тергеуге жәрдемдесіп, 17,3 миллиард теңге шығынның орнын толтырды.
Игорь Мажинов 37,2 млн теңгені қайтарды.
Марпа Жақубаева Bank RBK басшылығынан 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі кезеңде алынған «бонустар» (сыйлықақылар) түрінде жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық зиянды 100,2 миллион теңге мөлшерінде өтеп берді.
Айта кетерлігі, осы іс бойынша сотталушылар орындығында барлығы 37 адам болды. Прокурор олардың 36-ын кінәлі деп тануды сұрады. Сотталушылардың бірі қайтыс болды.
Еске сала кетейік, Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сот өткен жылдың соңында басталды. Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстар 2011 жылдан 2017 жылға дейін жасалған. Қылмыстық іс 46 эпизод пен 700 томнан тұрады. Айыптау актісі 3600 беттен тұрады.
Жомарт Ертаев 2018 жылдың қараша айында Мәскеуде ұсталып, қамауға алынды. Ұсталғаннан кейін бір айға жуық уақыт өткен соң Ресейдің Бас прокуратурасы қазақстандық кәсіпкерді Қазақстанның құзыретті органдарына беру туралы шешім қабылдады. Содан кейін адвокаттар қамауға алуға шағымдануға тырысты, бірақ сот шешімді өз күшінде қалдырды. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының қызметкерлері Ертаевты Ресейден экстрадициялады.