ШҚО мен Ақмола облысының фермерлері елордадағы жәрмеңкеге тауық етін әкелмейді
Аталған өңірлер нарық бағасынан құны 10-15 пайызға төмен 65 тауар түрін сатады
26 және 27 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда «Хан-Шатыр» СОО жанындағы алаңда (Қонаев көшесі мен Тұран даңғылының қиылысы) Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасай отырып.
Хабарламада айтылғандай, 421 миллион теңгеден астам сомаға 732 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сату жоспарланған.
«Фермерлер 293 тонна картоп пен көкөніс, 117,5 тонна ет өнімдері, 50 тонна сүт өнімдері, 45 тонна бал, 40 тонна ұн, 10 тонна өсімдік майы, 9,3 тонна балық, сегіз тонна қымыз және ұлттық өнімдер, 1,5 тонна жарма және 20 тонна басқа да өнімдерді ұсынады», – делінген хабарламада.
Кейбір өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қауіпсіздік мақсатында жәрмеңкеде тауық еті мен жұмыртқа сатылмайды.
Аталған өңірлер нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен 65 тауар түрін әкеледі.
Жәрмеңкеге келушілер қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы керек: бетперде кию, қашықтықты сақтау және антисептиктерді міндетті түрде қолдану.