Үлескерлерді алдаған «Азбука жилья» тұтас бір ауыл тұрғындарын жұмыссыз қалдырған
Бұлақсай ауылының шаруалары атышулы «Азбука жилья» компаниясының кесірінен үш жылдан бері жалақысыз отыр
Azattyq Rýhy редакциясы Ақмола облысы Аршалы ауданындағы ауылдардың жол, білім, жұмыссыздық мәселелеріне қатысты материалдар сериясын жалғастырады.
Аршалы ауданы Бұлақсай ауылының диқандары осымен үшінші жыл жұмыссыз отыр. Сондай-ақ алдында істеген жылдары үшін жалақы алмаған. Бұл – 4 мың үлескерді алдап, 42 млн доллар көлемінде қаражат жымқырған «Азбука жилья» компаниясының басшысы Ерқанат Тайжановтың шаруаларға қалдырған «тосынсыйы».
Бүгінгі материалымызда егін егіп, мал баққан шаруашылықтың жосықсыз құрылыс компаниясымен қандай байланысы барын жазамыз.
Қыркүйектің басында Azattyq Rýhy тілшілері елорда іргесінде тұрса да, жолы нашар, интернеті жоқ Бұлақсай және Ақжар ауылының балалары баратын мектеп туралы жазған. Сол сапарда сұхбат берген ауыл округінің әкімі Қуаныш Жандыбаев «Бұлақсай» ЖШС-сі банкротқа ұшыраған соң, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мүлде қиындап кеткенін айтқан еді.
«Бұлақсай дегеніміз – екі ауылдың орталық шаруа мекені деуге болады. Бұлақсайға Ақжар және Қостомар ауылдары қарайды. Бұрын «Бұлақсай» шаруашылығы болғанда, трактор, комбайндар бар еді, шаруалар егін егіп, мал бағатын. Бір сөзбен айтқанда, ауылда жұмыс болды. Міне, шаруақожалық үш жылдан бері жұмыс істемейді, банкротқа ұшырады. Мүліктерінің бәрі бұғатталған, жұмысшылар әлі жалақысын ала алмай жүр», - деген еді Бұлақсай ауылының әкімі Қуаныш Жандыбаев.
Біз әкімнен бұл проблема нақты қандай жолмен шешіліп жатыр деп сұрағанда, «ЖШС мен оның мүліктері қалада (Нұр-Сұлтан қаласында – авт.) аукционға түсіп жатыр, егер бізге жаңа инвестор келсе, қуанар едік» деп жауап берген еді.
Кезекті сапарымызда біз «Бұлақсай» ЖШС-ның ғимаратына бардық. Мекеме алдында жалақысынан үмітті жұмысшылар жүр. Суық кабинетте шаруашылықтың жетекшісі Айюп Қалықов біздің сұрақтарға жауап берді.
«Бұлақсай» ЖШС 2017 жылдың 26 мамырында қайта құрылды. Бұған дейін ол «Азбука жилья» құрылыс компаниясына қарайтын мекеме болды. «Азбука жилья» компаниясының басшылары қашып, сот басталғанда, компанияның мүліктерін «Орда инжиниринг» компаниясына бере бастады. «Орда инжиниринг» «Азбукадан» қалған біз сияқты жекеменшік нысандарды сатып, үлескерлерге беруге міндеттелді ме, оны нақты білмедім. Бірақ «Бұлақсай» ЖШС 2017 жылдың 26 мамырында «Орда-инжиниринг» компаниясына қарайтын шаруашылық болып қайта тіркелді. Енді, арада үш жыл өткенде, бізді «Елорда құрылыс компаниясына» беріп жатыр», - дейді Айюп Қалықов.
Айюп Қалықов аграрлық саладағы компания қалайша құрылыс компаниясының иелігінде жұмыс істегенін түсіндіріп бере алмады. «Оның себебін білмеймін» деп қысқа қайырды ол.
Бірақ біз Ерқанат Тайжановтың үстінен қозғалған қылмыстық істі тағы бір зерделей келе, мынандай факт таптық: «Азбука жилья» үлескерлерді алдап аты шыққан компания, сондықтан БАҚ беттерінде көбіне оның негізгі қылмысы – елордадағы сегіз көпқабатты үйдің үлескерлерін алдағаны туралы көп жазылды. Ал ресми органдар таратқан ақпаратта компанияның заңсыз АСТЫҚ сатумен де айналысқаны айтылған.
«Азбука жилья» компаниялар тобының Нұр-Сұлтанда салып бітпеген нысандарын аяқтауға кіріскен «Орда инжиниринг» ЖШС-нің мүлкі заңсыз пәтер мен астық сатқаны үшін бұғатқа алынды», - деп хабарлаған еді 2018 жылдың 22 ақпаны күні Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин.
Егін егетін «Бұлақсай» ЖШС үй салатын алаяқ компанияларға не үшін қажет болғанын осы сөзден түсінуге болады.
Айюп Қалықов ЖШС «Орда инжинирингке» қараған кезде «Азбука жильядан» қалған қарызды (жұмысшылардың жалақысы – авт.) жабу үшін шаруашылықтың малын сойып сатқанын айтады. Оның айтуынша, енді жұмысшылардың алдында тағы 3 млн теңге шамасында қарыз бар.
Жалпы, ресми ақпаратқа сүйенсек, «Бұлақсай» ЖШС қағаз жүзінде «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-іне беріліп қойған.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі 2019 жылдың 31 желтоқсанында бекіткен қаулыға сай, «2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласында құрылысы аяқталмаған нысандарды аяқтап, жаңа тұрғын үйлерді салуға міндеттелді. Серіктестік 100% мемлекеттің қатысуымен құрылған квазимемлекеттік сектордың нысаны. 2019 жылдың 3 қыркүйегінде «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС мен «Орда инжиниринг» ЖШС арасында келісімге қол қойылды, сол келісімге сай, «Орда инжиниринг» өзінің иелігінде болған «Агрофирма Сарыадыр» ЖШС мен «Бұлақсай» ЖШС-ін «Елорда құрылыс компаниясына» ақысыз береді. Рәсімдеу аяқталған соң, «Агрофирма Сарыадыр» ЖШС мен «Бұлақсай» ЖШС-нің үлестері сатуға шығарылады», - деп хабарланған eGov порталындағы ақпаратта.
Осылайша, үлескерлерді сан соқтырған «Азбука жилья» астана маңындағы бір ауылдың еңбек жасындағы адамдарын жұмысынан айырып, түгел бір ауылды тоздырып жіберген. Біз «Елорда құрылыс компаниясына» ресми сауал жолдап, компанияның «Бұлақсай» ЖШС-не қатысты қандай жоспары барын анықтап білеміз.
Azattyq Rýhy Аршалы ауданындағы ауылдардың карантинде қандай қиындық көргенін, интернетке қашан қол жеткізіп, ой-шұңқыры жоқ жолға қолы қашан жетуі мүмкін екенін алдағы материаларында жазады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Ақмола облысы