Шымкентте екі науқастың бүйрегі ауыстырылды
Екеуіне де өз аналары донор болған
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында екі науқасқа бүйрек трансплантациясы сәтті жасалды. Дәрігерлер екі пациентке де органды өз аналары бергенін айтып отыр.
Бейбіт Сидазимов 2 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігі дертімен есепте тұрады. Науқас бұған дейін төсекке таңылып, гемодиализ аппаратына қосылған. Денсаулығында ақауы бар 33 жастағы азаматқа туған анасы донор болды. Дәрігерлер 1965 жылғы әйелдің бір бүйрегін хирургиялық жолмен алып, туған ұлына сәтті қондырған.
Сонымен қатар, ұзақ жылдан бері аурудың азабын тартқан Түймебай Асылбекке де анасы Бижанова Аққыз бір бүйрегін берді. Туыстық транспланталогияны дәрігерлер 10 қыркүйек күні жасаған. Екі сағатқа созылған бүйрек ауыстыру отасы сәтті аяқталды.
Айта кетейік, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациялық қызмет қарқынды дамып келеді. Мұнда 2013 жылдан бері 160 бүйрек пен 21 бауыр алмастыру операциясы жасалды. Тағы 400-ге жуық науқас кезегін күтіп жатыр.