$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.09.2020, 12:37
Қоғам

Нұр-Сұлтаннан жетпіс шақырым жердегі интернеті де, мектебі де жоқ ауыл

Балалар көрші ауылға қатынап оқиды

Аршалы ауданы Бұлақсай ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылында 2005-ші жылдардан бері мектеп жоқ. Бұрын ауылдың бастауыш сынып оқушылары бір қабатты үйді мектеп қылса, қазір олар жеті шақырым жердегі Бұлақсай ауылына барып, сабақ оқиды.

Нұр-Сұлтаннан жетпіс шақырым жерде тұрған Ақжар ауылында қазір қырық шақты оқушы бар. Олардың бәрі таңғы сағат 08.00 шамасында ескі автобусқа мініп,  Бұлақсай ауылына барады. Жұмысқа кіріскеніне жиырма күн болған Аршалы ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мереке Молдахметов журналистерді Ақжар ауылының оқушыларымен бірге автобусқа мінгізбеді. Бұлақсай ауылындағы мектепке де  кіріп, санитарлық талаппен танысуға мүмкіндік берген жоқ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «интернеттің жоқтығынан емес, бала санының аздығынан шағын мектеп оқушылары оффлайн оқиды» деген соң, біздің басты мақсатымыз – мектеп ішіндегі санитарлық талаптармен танысу еді.

Жалпы, коронавирус пандемиясына байланысты былтыр төртінші тоқсанда үйде отырған балалардың ата-аналары интернет сапасы өте нашар екенін айтқан. Оны өзіміз де көрдік. Ақжардан басқа, Қостомар ауылы кіретін Бұлақсай округінің әкімі Қуаныш Жандыбаев екі ауылға интернет тарту үшін қыруар ақша керек дейді.

Ал осы арада бізге сұхбат берген Аршалы ауданы білім бөлімінің басшысы Мереке Молдахметов ауданға қарасты 28 мектеп пен 13 балабақшаның бір жылғы бюджеті 4 млрд теңгеге жуықтайтынын айтты. Бірақ Молдахметовтің сөзіне сенсек, қаражаттың көбі ұстаздардың жалақысын төлеуге кетеді.

Ауыл әкімі Қуаныш Жандыбаев жұмысқа «небәрі» екі жыл бұрын кірістім деп, көп жағдайда мәселені бөлім басшысына бұрды. «Білім беру – олардың құзырындағы сала» дейді. Біз әкімнен «өз ауылындағы халықтың проблемасын сала-салаға бөлсе, не үшін әкім болып отырғанын» сұрадық. Қуаныш Жандыбаев осы сұрақтан кейін ғана «білім мен жол сапасына алаңдайтынын, қолдан келгенше жұмыс істеп отырғанын» айтты.

«Бұлақсай» ЖШС-ның банкротқа ұшырап, ыдырауы екі ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын күрт құлдыратты. Бұрын егін егетін ЖШС халыққа жұмыс беретін, ауылда тіршілік болатын. Қазір банкрот, бұрынғы қызметкерлеріне әлі жалақы да төлей алмай жүр. Бірақ ауылдың болашағы бар деп сенемін. Егер аукционға қойылған біздің ЖШС-ны біреу сатып алып, келіп, өндіріс қосамын, жұмыс істеймін десе, мен тек қуанамын. Ауыл халқына жұмыс болады, бюджетке салық төленеді», - дейді ол.

Мектеп ішіндегі санитарлық талаптарға қайта оралсақ. Мереке Молдахметов тілшілерден бір күн бұрын Бұлақсай ауылы Абай атындағы орта мектептің ішін аралап көрген. Ертеңінде, Қазақстан бойынша карантиннің жеңілдеуіне қарамастан, сабақ беретін мұғалімдердің де ПТР-тест тапсырмайтынына қарамастан, журналистерді мектеп ішіне кіргізген жоқ. Неше оқушы, неше баладан сабақ оқитынын сұрадық. Бірақ айтқанымыздай, Мереке Молдахметов бөлім басшысы қызметіне тек жиырма күн бұрын келген және әзірге басшының міндетін атқарушы. Бір сөзбен айтсақ, Аршалы ауданындағы ауыл мектептерінде бар проблемаларды әлі білмейді. Ал бала санына, олардың сабақ кестесіне қатысты ақпарат беруге міндетті мектеп директоры Төлеуіш Халым камераны құлатуға әрекеттеніп, сұхбат беруден мүлдем бас тартты. Ақыр соңында мектеп ішіне кіріп, есігін кілттеп алды. Бұл уақытта білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы ол кісіге қатысты қандай да бір шара қолданған жоқ.

«Аршалы ауданы бойынша, менің білуімше, жеті ауылдың балалары басқа ауылға барып, оқиды. Олардың нақты тізімі қолымда жоқ. Аудан бойынша 30 минут, 40 минут, тіпті, 1,5 сағат жол жүріп, білім алатын балалар бар. Оның қасында Ақжардың балалары Бұлақсайға ұзаса 20 минутта жетеді», - дейді Мереке Молдахметов.

Жалпы, білім бөлімінен келген ол ауылдағы интернет сапасы аудиожазба тыңдап, бейне жүктеуге жетеді дейді. Бірақ шағын мектептер қатарына кірген соң, жалпы саны 140 бала оқитын Бұлақсай ауылының балалары сабақты мектепте оқитын болды.

Біз репортажымызда мектептің сыртындағы тазалықтың қандай дәрежеде екенін көрсеттік. Былтырдан қалған көмір мен оның күлін шығаратын ЖШС атауын ауыл әкімі де, білім бөлімінің басшысы да нақты айтқан жоқ. Тек олар бір жылдан бері ғана келісімшартқа қол қойғанын, енді, келісімшартқа сай, мектеп ауласындағы көмірді жинап, күлді төкпесе, келісімшарт мерзімін ұзартпаймыз дейді. Ауыл әкімі Қуаныш Жандыбаевтың айтуынша, олар жылу маусымы аяқталаса сала, 2020 жылдың наурыз-сәуірінде күлді шығарып, көмірді жинау керек еді.

«Осы аралықта  ауыл әкімі немесе мектеп директоры неге олардан міндеттерін талап етпеді?» деген сұрағымызға, Қуаныш Жандыбаев «карантин болды» дейді.

Ал ел бойынша бүкіл коммуналдық қызмет тіпті, төтенше жағдай кезінде де, 24 сағат бойы жұмыс істегенін айта кету керек. Оның үстіне, директор мектеп ішінде дәретхана бар дейді. Бірақ мектеп салынған 2004 жылдан бері мектеп сыртындағы дәретхана әлі тұр. Қоршалмаған. Былтыр күзде Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында болған оқиғаны еске салып едік, мектеп директоры қашып кетті. Ал бөлім басшысы «алдағы екі апта ішінде осы кемшіліктердің бәрі жойылады» деп уәде етіп, сәт-сапар тіледі.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары