«Қазақфильм» өртенгеннен кейін баспасөзде айтылмаған сөз қалмады – Қуаныш Сұлтанов
Депутат Мәжіліс отырысында Мәдениет және спорт министріне шүйлікті
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қуаныш Сұлтанов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан «Қазақфильмге» бөлінген қаражаттың қалай қадағаланып жатқанын түсіндіруді сұрады.
«Қазақфильм» өртенгеннен кейін бүкіл баспасөзде айтылмаған сөз қалмады. Қанша қаражат кетті. Қарап отырсақ, біз бюджеттен бөлген ақшаның бақылануы кімде? Ұлтымыздың келбетін көрсететін «Астана Опера», «Қазақфильмнің» жағдайы не болып жатқанын айтыңызшы. Тағы бір атап өтетіні, Шәмші Қалдаяқовтың өнерін насихаттау дұрыс жүргізілмей жатыр. Адамның патриоттық ұжданын көтеру тұрғысынан Қалдаяқовты қалай пайдаланып отырсыз, әлде жағдайдың бәрін сіздің шенеуніктер шешіп отыр ма? Сіздерге Дархан Мыңбай екеуміз хат жазған едік, бірақ бізге бюрократтық түсіндірме келді», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Өз кезегінде, Ақтоты Райымқұлова «Қазақфильмдегі» келеңсіздіктердің қолға алынғанын және биыл 90 жылдығы тойланып жатқан Шәмші Қалдаяқовтың өнерін насихаттау мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.
«Қазақфильм» АҚ жекешелендіруден алынды және осы «Қазақфильмде» орын алған келеңсіз жағдайлар шешіліп жатыр. Ол жерге қазір жас болса да, бизнес-менеджерлік қабілеті бар басшы келді. Ендігі жылдан бастап «Қазақфильмді» модернизациялауға кірісеміз. «Қазақфильм» туындыларының сапасын жақсарту үшін үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Және биыл 90 жылдығы тойланып жатқан Шәмші атамыздың шығармашылығын насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінде балабақшадан бастап, мектептерде, ЖОО-да гимнді насихаттау туралы әртүрлі тапсырмалар беріліп жатыр. Әртүрлі шараларда әндері жинақталған дискілерді шығарып жатырмыз», - деп атап өтті Райымқұлова.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан